Бүгін ауданымызға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова келіп, Шамалған ауылындағы балаларға арналған «Úshqońyr» спорт кешенін аралады, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы. Республикадан келген қонақтың қасында, сондай-ақ, Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев пен аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова болды.
Жаттығу кешенінің хауызын көруден бастаған Ақтоты Рахметоллақызы балаларды жүзуге жаттықтырып, өз білгенімен бөлісіп жүрген бапкермен сөйлесіп, оған ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар, спорт кешенінің арнайы бөлмелеріне бөлінген үйірмелерін аралап, ондағы балалармен танысып, ақыл-кеңесін де берді, қуанышты екенін де жасырмады. Бұдан бөлек, өзінің келу мақсатын министр Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, халықтың жастардың арасында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға қатысты екендігін атап айтты.
Кешенді толық аралап болған Ақтоты Райымқұлова мәжіліс залында жиналған бапкерлермен, спорт саласының мамандарымен, осы ауылдың тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиын барысында республикадан келген қонақ спорт саласынан бастап, бірқатар тақырыпта әңгіме өрбітті. Министрдің айтуынша, Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауы бойынша 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталған. Яғни, үш жылдық жоспарға сәйкес биыл – 22 кешен қолданысқа берілетін болса, 2020 жылы 37-ін беру жоспарда тұр екен. Ал, 2021 жылы 41 орталықтың құрылысын аяқтауды мақсат етудеміз, – деді Ақтоты Рахметоллақызы. Бұдан бөлек, саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен бірлесе, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында республика бойынша 2,5 млн-ға жуық адамды қамтитын 25 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылғанымен де бөлісті. Сондай-ақ, министр бұқаралық спорт саласында кадрлар даярлау және олардың біліктілігін арттыру, оқу орындарында спорт секцияларын ашу да жоспарланып отырғанын айтты.
Жиынды Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев қорытындылап, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Спорт кешенінен шығып А.Райымқұлова «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына жол тартты. Онда Елбасының құндылықтарымен танысып, толық аралаған министр мұражайдың естелік кітапшасына өзінің ізгі тілегін жазып қалдырды.
[su_custom_gallery source=»media: 12504,12505,12506,12507″ link=»lightbox» width=»150″ height=»150″ title=»never»]