Қазақтың ұлттық асханасын дәріптеу үшін жақында Қарасай ауданындағы белгілі мейрамханалардың бірі – «Khama Park»-те республикалық аспазшылар жарысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Патриотизм кіндік қан тамған жеріне, өскен ауылына, қала мен өңіріне, яғни, туған жеріне деген сүйіспеншіліктен басталады деген болатын. Әсіресе, Елбасы туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі екенін атап өткен еді. Қазақтың дәстүрлі ас мәзіріндегі көнерген ұлттық тағамдарды жаңғырту мақсатында осы аптаның сейсенбі күні ауданымыздағы «Khama park» мейрамханасында, арнайы кәсіби орта білім беретін оқу орындарының білімгерлері арасында, «Ұлттық тағамдарды жаңғырту – 2019» атты республикалық аспазшылар байқауы өткізілді.
Алматы қалалық білім басқармасы, туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі мен аталмыш мейрамхананың ұйымдастырыуымен өткен байқауда Нұр-Сұлтан қаласынан келген қоғамдық тамақтану мен сервистік қызмет көрсету, Алматы қаржы-құқықтық және технологиялық, туризм және қонақжайлылық индустриясы мен Талғар қаласының политехникалық колледждерінен жиналған аспаздар көпшілікке өздері дайындаған, бүгінде ұмыт болған ас түрлерін көрсетті. Аталмыш байқаудың мақсаты – қазақтың ұлттық асханасына, мәдениетіне, салт-дәстүріне қызығушылықты ояту, қазақтың ұлттық салт-дәстүрімен ұштасып жатқан тағам түрлерін насихаттау, дәріптеу, таныту, ұлттық асхананың алуандылығын көрсету.
[su_custom_gallery source=»media: 10621,10620,10616″ link=»lightbox» width=»150″ height=»150″ title=»never»]
Байқаудың шарты бойынша қатысушы студенттер екі кезеңнен тұратын сайыс барысында кәсіби, шығармашылық шеберліктерін және де техникалық қауіпсіздік бойынша білімдерін көрсетуі тиіс. Ал, олардың өнерін аталмыш мейрамхана кешенінің директоры Серікхан Әділханов бастаған бір топ мамандардан жасақталған қазылар алқасы бағалады. «Шай дастарханы» деп аталатын бірінші кезеңде болашақ аспазшылар өздерінің стилінде шайға арнап тәтті тағамдар дайындады. Екінші айналымда алты порциядан тұратын ыстық тамақтар мен тіскебасарлар жасады. Олар ұлттық тағамдардың түр-түрін істеп қана қоймай, сонымен бірге, өздеріне арнайы бекітілген дастарханды ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдар мен тәтті десерттермен толтырды.
Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Талғар қаласының политехникалық колледжі, екінші орынды туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі, үшінші орынды Алматы қаржы-құқықтық және технологиялық колледжі иеленді. Ал, бас жүлде – Гран-приді Нұр-Сұлтан қаласынан келген қоғамдық тамақтану мен сервистік қызмет көрсету колледжі алды.
[su_custom_gallery source=»media: 10622,10617,10618″ link=»lightbox» width=»150″ height=»150″ title=»never»]
Шара соңында барлық жүлдегерлер «Khama park» мейрамхана кешенінің директоры Серікхан Сәметұлының атынан Алғыс хат, мадақтау грамоталарымен және медальдармен марапатталды. Сондай-ақ, оларға бағалы сыйлықтар да табысталды.