Қазіргі жаһандану және жаппай өндіріс кезеңінде қолдан жасалған бірегей бұйымдар ерекше бағаланады. Себебі қашанда қолдан жасалған бұйымдар туралы айтылған кезде, көз алдымызға жаппай шығарылған өнімге қарағанда, бірден сапасы жоғары және эксклюзивті өнім елестейді. Шебер кез келген бұйымды жасағанда тапсырыс берушінің қалауын нақты орындап, әрбір адамның жеке көзқарасын ескеріп, өндірудің барлық кезеңіне қатаң бақылау жүргізеді. Соның нәтижесінде оның қолынан бірегей, сапалы, иесіне біраз жыл қызмет ететін бұйымдар шығады.
Бүгінгі жеке кәсіппен айналысуға көптеген мүмкіндіктер жасалған уақытта өз шеберлігін кәсіпке айналдырып, нәсібін тауып отырғандар көбеюде. Сондай жандардың бірі – ежелгі және заманауи үлгідегі түрлі киім-кешек шығарып отырған Балқаш ауданы Бақанас ауылының тумасы, қарапайым көп балалы отбасында дүниеге келген Баян Жұмағанбетова, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Көз майын тауысатын шығармашылық еңбекті таңдаған Баянның жалпы барлық жақындары қолөнер шеберлігіне жақын жандар. Ата-анасы, әпке-сіңлілері, бауырлары мен туыстарының бәрі дерлік тігін тігу, сурет салу секілді шығармашылық жұмыстарға шебер. Сондықтан болар дарынды ортада өскен Баян да өз болашағын қолөнер шеберлігімен байланыстырған.
Анығырақ айтқанда, төртінші сынып оқып жүрген кезінде ол шағын тігін шеберханасы бар әпкесінің мата қиындыларынан әдемі құрақ құрап, көрпе-жастық тіккен жұмыстарын, ал әкесі мен ағасы сурет салып, картиналар жасайтынын көре жүріп, қолмен жасайтын өнердің қыр-сырын санасына тоқи бастайды. Одан кейін өз қолымен шаш қыстырғыштар жасап, арзан бағада сыныптастары мен қызыққан ұстаздарына сатып, ақша таба бастайды.
Уақыт өте келе өзінде кішігірім кәсібін бизнеске айналдырып, оны әрі қарай дамытып, сапалы өнімдер жасау үшін арнайы білім қажеттігін түсініп, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеттің көркемсурет-графика факультетіне оқуға түседі. Оны суретші-дизайнер мамандығы бойынша бітіреді. Қолына дипломын алғаннан кейін кәсібін дөңгелету үшін кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға қатысады. Сөйтіп жүріп шығармашылық дарыны мен креативті бастамалары бар жас кәсіпкер 1 миллион 200 мың теңгенің қайтарымсыз грантын ұтып алады. Берілген қаражатқа жаңа тігін машинасы мен басқа да әртүрлі ұсақ құрал-жабдықтар сатып алады. Мұнан кейін Талғар ауданы Тұздыбастау ауылындағы үй ішінен ашылған шағын цех тұтынушыларға Баянның өз қолымен ұлттық реңкте жасалған сапалы бас киімдерін ұсына бастайды. Олардың арасында ежелгі және заманауи үлгідегі түрлі әсем орамалдар, тақиялар бар.
Барлық өнімдер тұтынушылардың талғам-талабына сай арнайы тапсырыспен дайындалады. Соның арқасында бүгінгі таңда Баянның қолынан шыққан өнімдерге деген сұраныс өте жоғары. Тіпті, Италияның әйгілі Милан қаласында өткен халықаралық сән көрмесінде Сәбина Тоқбергенова есімді сәнгер Баян Жұмағанбетова жасаған тәжбен шықты. Осының өзі жас кәсіпкердің өнімінің дәрежесін көрсетуде десек болады. Десе де ол осымен топтап қалмай жыл сайын өзін, кәсібін, одан әрі дамыту бағытында тәжірибелік және шеберлік сыныптарын өткізіп отырады. Оған қоса өнімдерін сатудан тапқан пайдасына өрнектеп тігетін төрт тігін машина, кәсіби үтік, маникендер, бүктеу және кесу аппараттары мен сызу үстелдерін сатып алған. Осылайша ол өз кәсібін кеңейтіп, шығаратын өнімдерін көбейтуде.
Осы уақытқа дейін өзінің өміршеңдігін жоймаған өнерді тұтынушы талғамы мен заман талабын ұштастырып нарыққа ұсынған Баянның қазіргі мақсаты бүгінгі жастардың ұмыта бастаған туған халқының өнері, ерекше салт-дәстүрі мен әде-ғұрпына деген сүйіспеншілікті өз қолымен жасайтын өнімдеріне енгізу. Шығарған бұйымдарынан ұлттық үлгі мен дәстүр анық сезілетін қолөнершінің жұмыстары да соған бағытталған.