Әлеуеті зор әлеуметтік салада әрбір мәселе маңызды

Әлеуеті зор әлеуметтік салада әрбір мәселе маңызды

Халықтың барлық санатына әлеуметтік жағынан қолдау көрсету – бұл мемлекет алдындағы маңызды міндеттің бірі. Сондықтан осы саланы ардақты жұмыс деп қарауымыз дұрыс та шығар. Себебі ел арасында ерекше топтарға бөлінетін адамдарға көңіл бөлу, тұрмысын түзеуге ықпал ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Анығын айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандар, аз қамтылған отбасылар, зейнеткерлер, бәрі-бәрі мұң-мұқтажын жеткізу үшін осы саланың мамандарына жүгінеді.
Әлеуметтік жағынан қолдауды қажет ететін мұндай жандарға мемлекет өз тарапынан тиісті көмегін көрсетуде. Заман талабына сай осы саланың әр кезеңдегі реформасы да олардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бұл жайлы ел Президенті Қ.Тоқаев өзінің Жолдаулары мен үндеулерінде талай айтып та келеді. Соның аясында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Осындай ілгері істерді әңгімеге арқау етіп, әлеуметтің бүгінгі әлеуетін сөз ету үшін Қарасай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Қыйлыбаевамен тілдестік.

– Әлия Жұмаділқызы, алғашқы сұрағым Сіз басқарып отырған қызметтің айналасында болып жаңалықтар жайлы болмақ. Биыл әлеуметтік салада атап айтарлықтай, халықтың тұрмысын жақсартуға ықпал ететіндей қандай өзгерістер орын алды? Соған тоқталып өтуіңізді сұраймын.
– Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» №246 Заңына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы №320 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу және кепілдендірілген әлеуметтік пакетті ұсыну» қағидаларына сәйкес, бүгінгі таңда Қарасай ауданында 1382 отбасыға 329,6 млн. теңге мөлшерінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АЕК) тағайындалып төленді. Сонымен қатар, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына, біз айтып отырған АӘК-ке қосымша әлеуметтік қолдау шарасы ретінде азық-түлік пен тұрмыстық химия жиынтығы түріндегі кепілдік берілген әлеуметтік топтама ұсынылғаны белгілі. Ал 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл көмекті алатын отбасылардың балаларына көрсетілетін кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау қолданысқа енді. Яғни, табысы аз отбасылардың балаларына қосымша ұсынылатын азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтың құны 5174 теңге деңгейінде белгіленді.
Одан кейін кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы алушылардың тарапынан осы көмекті заттай түрінде емес, ақшалай форматқа ауыстыру туралы ұсыныстар жиі келіп түсті. Осыған байланысты өтініш-тілектер ескеріле отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылдан бастап кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау туралы шешім қабылдады. Монетизация АӘК алатын әрбір балаға ай сайынғы негізде 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша ақшалай төлем түрінде жүзеге асырылды. Бұл ата-аналарға балалардың жеке қажеттіліктеріне байланысты қажетті тауарларды өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді деп түсінуіміз керек. Қазіргі таңда аудан бойынша АӘК алатын отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің орнына 2667 балаға 45,7 млн. ақшалай көмек төленді.
– Президентіміз соңғы үндеуінде ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлінуі тиіс екенін айтып өтті. Мемлекет басшысының осы тапсырмасы біздің ауданда қалай жүзеге асырылуда? Ана мен балаға қандай көмектер көрсетілуде? Естуімізше, ауданымызда дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Олардың атқаратын қызметі қандай? Мұндай мекемелердің тиімді тұстарын айтып өтсеңіз.
– 2022 жылдың 19 желтоқсандағы №538 аудан әкімдігінің қаулысының негізінде 2023 жылы ауданымызда біздің бөлімге қарасты «Жанұя» отбасын қолдау орталығы құрылды. Бұл коммуналдық мемлекеттік мекеменің негізгі мақсаты – отбасы институтын қолдау, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік кеңестер түріндегі кешенді бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету. Орталық тұрмыстық қиын жағдайға тап болған отбасыларға қызмет көрсетеді. Бүгінгі күні осы орталық арқылы 20 адамға құқықтық, 32 адамға психологиялық кеңестер берілді және 6 отбасы орталықта жатып толық қызметтермен қамтылды. Сонымен қатар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған әйелдерге де көмек көрсетілуде.
– Рахмет жауабыңызға. Енді Қарасай ауданында жұмыс істеп жатқан оңалту орталықтарына тоқталсақ деп едік. Олардың саны неше? Оған қай жастағы мүгедек жандар барып ем қабылдауға мүмкіндіктері бар?
– Бүгінгі күні ауданымызда үш күндізгі болу орталығы жұмыс атқаруда. Олардың бірі – 2019 жылы ашылған Қаскелең қаласындағы «Rakhym» жеке қайырымдылық қоры. Оның сыйымдылығы 85 балаға арналған. Қазіргі таңда 76 балаға қызмет көрсетеді. Одан кейін 2021 жылы жұмысын бастаған Жандосов ауылындағы «Ақниет-А» қоғамдық бірлестігін айтсақ болады. Аталған мекеме сыйымдылығына сәйкес 35 балаға қамқорлық көрсетуде. Сонымен қатар, өткен айда Қаскелең қаласында «Сәуле Сапар» деп аталатын тағы бір күндізгі болу орталығы ашылып, бүгінгі таңда ол 24 баланы қабылдап отыр. Бұл аталғандардың алғашқы екеуі мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналса, «Сәуле сапар» қоғамдық бірлестігі мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды қолдауға арналғанын айта кету керек.
Жалпы бұл аталған орталықтар ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 165 бұйрығы негізінде тиісті ем-дом қызметтерін көрсетеді. Атап айтар болсақ, психоневрологиялық ауытқулары бар 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға және тірек-қимыл аппараты бұзылған 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға емдік іс-шаралары жасалады.
– Әлия Жұмаділқызы, ауданымызда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы «Инватакси» қызмет көрсететіні белгілі. Бұл көліктің көмегіне барлық мүгедек адамдар жүгіне алады ма? Оның жұмыс істеу жүйесі қалай?
– Иә, дұрыс айтасыз, ондай көлік бар. Мүгедек адамдар үшін «Инватакси» қызметін көрсету ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасы бойынша Автомобиль көлігімен мүгедектерді тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес қызмет көрсетеді.
Аталған ережелер Қазақстанның барлық аумағында қолданылады және меншік нысанына қарамастан барлық жеке және заңды тұлғалар үшін міндетті болып табылады.
«Инватакси» қызметі – жүріп-тұруы қиын І және ІІ топтағы мүгедектігі бар, кресло-арбамен және жеке көмекшінің қызметімен қамтамасыз етуге көрсеткіштері бар адамдарды қолдау жөніндегі қосымша шара. Оның көмегімен мүгедектігі бар адамдар жұмыс орнына дейін немесе кері қайтуға, оқу орындарына, жергілікті өкілді және атқарушы органдарға, сотқа, прокуратураға, нотариаттық кеңселерге, шұғыл түрде медициналық мекемелерге, әуежайларға, теміржол вокзалдарына, автовокзалдарға, теңіз және өзен порттарына, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға және әлеуметтік саланың басқа да нысандарына тегін жеткізіледі.
Қазіргі уақытта елдің барлық өңірлерінде жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру арқылы «Инватакси» қызметтерінің жұмысы ұйымдастырылған. Ал біздің ауданда 2019 жылдан «Қуат» мүгедектердің қоғамдық бірлестігі арқылы екі автокөлік «Инватакси» қызметі көрсетілді. Күнделікті инватакси қызметімен 10-12 мүгедектігі бар адамдар қамтылды. 2023 жылы «Инватакси» қызметін «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясы» қоғамдық бірлестігі атқарады.
– Елімізде мүгедек жандардың құқығын қорғау және өмір сүру сапасын жақсарту бойынша әлеуметтік қызмет порталы жұмыс істейді. Аталған әлеуметтік қолдау порталының қандай артықшылықтары бар? Біздің ауданда осы платформа арқылы қызмет алып жатқандар бар ма?
– Мүгедектігі бар адамдардың көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдерін ескере отырып, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емдеумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және жестау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі.
Осындай азаматтарға ыңғайлы болу үшін 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға техникалық құралдар өндірушісі мен жеткізушісін және оңалту қызметтерін өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін «Әлеуметтік қызметтер порталы» іске қосылды. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызмет алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Қарасай ауданында оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес 2764 өтініш қабылданып, «Әлеуметтік қызметтер порталына» жіберілді. Оның ішінде протез ортопедиялық құралдарға 614 өтініш түсіп, оның 258 қамтылды. Сурдо-тифлотехникалық құралдарға 221 өтініш түсіп, оның 182 қамтылды. Санаторлы-курорттық емделуге 377 өтініш түсіп, оның 153 қамтылды. Жеке көмекші қызметі 400 адамға, жестау тілі маманының қызметі 89 адамға көрсетіліп, міндетті гигиеналық құралдармен 939 адам қамтылды.
– Біздің елімізде «Желтоқсан оқиғасына қатысқан», «Семей полигонынан зардап шеккен», «Чернобыль апатының салдарын жоюға себепкер болған» және тағы басқа осы сияқты белгілі бір санатқа жататын адамдар бар. Олардың біразы біздің ауданның тұрғыны болып табылады. Жалпы осы топтағы азаматтарға мемлекет тарапынан көмектер қарастырылған ба?
– Жақында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығын мерекелеу құрметіне ҰОС ардагерлеріне 1,5 млн теңге мөлшерінде үш адамға біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, басқа да соғыс зардабын көргендер мен жақындарына әлеуметті тұрғыдан қаржылай көмек берілді. Бұл туралы сіздердің басылымдарыңызда жарияланған болатын.
Санаторлық-курорттық емделуге әлеуметтік көмекке келер болсақ, мұндай қолдаулар 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, оларға теңестірілген тұлғаларға, Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің, оның ішінде қаза болған, қайтыс болған, хабарсыз кеткендердің жесірлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған тұлғаларға, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс-қимылдарының ардагерлеріне санаторлық-курорттық жолдама беру арқылы көрсетіледі.
Ал «Семей» ядролық сынақ полигонының салдарынан зардап шеккендерге, яғни, мүгедектігі бар азаматтарға дәл осы полигонның 1991 жылдың 29 тамызында жабылуына орай жыл сайын тамыз айында біржолғы әлеуметтік көмек төленеді.
– Берген ақпаратаңызға көп рахмет! Қызметтік жолда абыройлы болыңыз!
Әңгімелескен Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях