Кумурадовтар отбасы жүлделі оралды

Кумурадовтар отбасы жүлделі оралды

Жас отбасылар аудан атынан сынға түсіп, жүлделі оралды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы.

Ағымдағы айда Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, облыс орталығы Талдықорған қаласында «Жас отау» облыстық жас отбасылар байқауы өтті. Жастарды отбасылық құндылықтарды құрметтей білуге шақыру, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын және бірлігі мен тірлігі, достығы ұйыған отбасыларды жан-жақты насихаттау мақсатында өткізілген рухани тәлімі мол байқауға облысымыздың аудан-қалаларында өткен іріктеу кезеңінен бас жүлде иеленген 20-30 жас аралығындағы отбасылар қатысты. Соның ішінде біздің ауданнан топ жарып, облыстық сында бақ сынаған қаскелеңдік Кумурадовтар отбасы да бар.

Білек күші мен білім күші, өнер мен бірлік қатар сыналған дода төрт кезеңнен тұрды. «Жүйрік болсаң, шауып көр» атты бірінші кезеңінде қатысушылар спорттық ойын түрлерінен жарысты. Бұл кезең мүшелерінің барлығын қатысуымен «Толағай» отбасылық ойыны түрінде өткізілді. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» айналымында отбасы мүшелеріне үй шаруасына байланысты жеке тапсырмалар берілді. Мұнда отаналары қамыр илеп, бауырсақ пісірсе, отағалары ат ерттеп, қол күресіп, қошқар көтерді. Сондай-ақ, қатысушылар аталған тапсырмаларды орындау барысында арнайы дайындалған сұрақтарға да жауап берді. Ақтық сын «Өнерліге – өріс кең» деп аталып, онда отбасы мүшелері өз бірлігін танытып, өнерлерімен шашу шашты.

Байқау соңында қатысушылар Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас пен Жастар ресурстық орталығының директоры Жайық Тазабекұлының арнайы Алғыс хаттары мен сыйлықтарына ие болды.

Отбасы – мемлекетіміздің ең маңызды құндылығы. Аталған шара осы құндылығымыздың ұлықталған күні болды.

 

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях