Карантин режимінде жұмыс істеп жатқан медициналық қызметкерлер жұмыстың қауіпсіздігіне қарай үш топқа бөлініп, жалақыларына үстемақы қосып алатын болады. Бұл туралы бүгін ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар24» телеарнасындағы онлайн-брифингте айтты, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік комиссия арнайы қабылдаған шешіміне сәйкес, медицина қызметкерлері жұмыстың қауіпсіздігіне қарай үш топқа бөлінген.
– Бірінші топ, реанимация бөлімдерімен қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, барлығы 3 284 маман. Олардың жалақысына үстемақы айына – 850 мың теңге. Яғни, орташа айлығын қосқанда, олар айына, шамамен, 1 миллион теңгенің үстінде алады, – дейді Д.Абаев.
Министрдің мәлімдеуінше, екінші топ – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, барлығы 11 951 маман. Олардың үстемақысы айына – 425 мың теңге. Яғни, орташа айлығын қосқанда олар айына, шамамен, 600 мың теңге алады.
– Үшінші топ. Карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел дәрдем жүргізушілері және т.б. барлығы – 10 994 қызметкер. Олар айына 212 мың теңге үстемақы алады. Ораташа айлығын қосқанда, олар, шамамен, 380 мың теңге алады, – деп түсіндірді брифинг барысында министр.
Бұл аталған үстемақылардан бөлек, медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыру мәселесі де қарастырылған. Ол жайында ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев былай дейді: «Олар ауырып қалған жағдайда 2 миллион теңге мөлшерінде сақтандыру төлемі беріледі. Құдай сақтасын, бірақ егер медициналық қызметкер қайтыс болған жағдайда 10 миллион теңге мөлшерінде төлемақы да төленетін болады. Бұл жаңалық тек дәрігерлердің ғана емес, барша қазақстандықтардың рухын көтеріп, көңілін серпілтеді деп ойлаймыз».