Табиғаттың тосын мінезінен еліміздің бірқатар өңірінде төтенше жағдайлар орын алғаны белгілі. Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласын су басып, қаншама отбасының қиындыққа тап болғаны барша жұрттың қабырғасын қайыстырды. Сол себептен де елдігі мен бірлігін байқатқан халқымыз жан-жақтан апаттан зардап шеккендерге жәрдем беріп, мүмкіндігінше қолда барымен бөлісуде.
Қазақ эстрадасында өзіндік орны бар «Меломен» тобы да бұл жағдайға бей-жай қарамай, атсалысуды жөн деп тапты. Еліміздің көптеген қалаларында «Аягөзге көмек» атты концерттік бағдарламаларын өткізіп, жиналған қаражатты мұқтаж жандарға жәрдем ретінде аударуды мақсат еткендері бұған дейін әлеуметтік желілерде де жарияланған еді.
Алғашқы концерттерін өнерпаз жігіттер топтың продюсері Бауыржан Есебаевтың ұйымдастыруымен, Қаскелең қаласындағы мәдениет үйінде өткізді. Концертке қарасайлықтар да көптеп жиналып, шығыстағы шығынға батқан халықтың қиындығына ортақтасатындықтарын аңғартты. Әсерлі де әуезді әндерді жігіттермен қосыла шырқап, ризашылықтарын ұсынған гүл шоқтары арқылы білдірді.
Кешті аудан әкімі Махаббат Бигелдиев қорытындылап, жастық жалындарымен жақсылыққа ұмтылып, өнерлері арқылы өнегелі іске білек сыбана кіріскен «Меломен» тобына, жетекшісі Б.Есебаевқа зор алғысын айтып, жиналған қаражатты тапсырды.