Алматылықтарды алаңдатқан көк түтіннің иісі ауданымызға қарасты Әйтей ауылдық округінен 7 шақырым қашықтықта орналасқан қоқыс қалдықтары жойылатын полигон орнынан тараған. Қатты тұрмыс қалдықтары көмуге арналған бұл полигон негізінен 2014 жылдың ақпан айынан бастап Қарасай ауданы әкімінің қаулысымен «KAZ Waste conversion» ЖШС-не 49 жылға жалға берілген болатын. Сол уақыттан бері осы полигонның барлық атқарып жатқан жұмысына жалға алушы серіктестік толықтай жауапты. 15 мамырдың күндізгі 3-тер шамасында басталған өршіген өрттің аумағы 1 гектарды қамтыған. Ал, тұтанған сайдың тереңдігі 70 метр болғандықтан, оны сумен сөндіру мүмкін емес. Мезгілсіз уақытта орын алған жалынның, жалпы салдарын айтқан осы полигонға жауапты компанияның басшысы мұндай жағдай жыл сайын орын алатынын түсіндірді.
Тілсіз жаудың аяқ асты орын алғанына бей-жай қарамаған Қарасай ауданы әкімдігі тарапынан 9 жүк тасығыш, 2 жүк тиегіш, 1 су тасушы және 2 өрт сөндіруші техникалар жұмылдырылды. Алайда, жалынның шарпығаны басылғанымен, будақтаған көк түтінді топырақ сынды инертті материалдарды пайдалану арқылы жоюға тура келіп жатыр.