Көптен күткен қуаныш. Көктемнің алғашқы күнімен келетін жарқын мереке Алғыс айту күні қарсаңында Қаскелең қаласында дарынды балаларға арналған жаңа Өнер мектебі қолданысқа берілді. Салтанатты шараға аудан әкімі Жасұлан Естенов, Алматы облысының құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғаріп Құрманғалиев, мердігер «Даулет-Серпін-603» ЖШС директорының бірінші орынбасары Медет Омарханов, ауданның Құрметті азаматтары қатысты, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Алғы сөзді алған аудан басшысы жиналған жұртты көктемнің шуақты мерекесімен және жаңа Өнер мектебінің ашылуымен құттықтап, оның пайда болуына үлес қосқандарға алғыс білдірді. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компанияның бірқатар қызметкерлерін өз атынан Алғыс хаттармен марапаттады. Одан соң құттықтауларымен жылы лебіздерін Алматы облысының құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғаріп Құрманғалиев пен «Асыл ана» аудандық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлтай Амангелдіқызы да жеткізді.
Ғимараттың кілті салтанатты түрде мектеп директорының міндетін атқарушы Данияр Құрамысовқа табыс етілгеннен кейін аудан басшы бірқатар ардагерлермен лентаны қиып, жаңа нысанның ішімен танысып шықты.
Айта кетейік, бұрыннан келе жатқан ДОСААФ-тың ескі ғимаратын жандандырып, Өнер мектебі ретінде қолданысқа беру туралы мәселе бұрыннан бері қаралып келген еді. Алайда кезінде аталған нысанның жекеменшікке өтіп кеткендігіне байланысты біразға дейін бұл мәселе шешілмей жүрді. Десе де атқарылған жұмыстар арқасында мәселе шешімін тауып, бүгін, міне, Қарасай ауданында екінші мемлекеттік өнер мектебі ашылып отыр.
Оның жалпы аумағы 0,1937 гектарды, ал ғимаратының көлемі 5218 шаршы метрді құрайды. Толық жұмысын бастағаннан кейін 64 маман мен 530 оқушыны қабылдау жоспарланған. Балалар мұнда домбыра, шертер, қыл қобыз, сырнай, гитара, ән терме, дәстүрлі ән, фортепиано, саксафон, цирк өнері сияқты 17 бағыт бойынша білім ала алады.