Құрманғазы қазақтың маңдайына біткен дара күйші, композитор. Ол 1818 жылы қазіргі Атырау облысының Жиделі ауылында дүниеге келген. 1889 жылы топырақ бұйырған орны қазіргі «Құрманғазы төбесі». Күйшінің оң солын танып, өмір-тіршілікке белсене араласа бастаған кезі күрделі еді. Оның күйлері қазақ халқының қайғысымен де қуанышымен де ұштаса білген.
Жақында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы тапсырмаларды өнер және мәдениет саласында да жүзеге асыру мақсатында, Қаскелең мәдениет колледжінде Құрманғазы атамыздың 200 жылдығына арналған лекция-концерт өтті. Колледждің екінші курс студенттері ұйымдастырған бұл іс-шараға Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының студенттік Ұлт аспаптар оркестрының бас дирижері, республикалық «Серпер» Жастар сыйлығының иегері Абылай Тілепбергенов және аталмыш жоғарғы оқу орны домбыра кафедрасының магистранты, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Таңат Сәденов қатысты.
Жиын басында жоғарыда аталған колледждің халықтық «Үшқоңыр» ұлт аспаптар оркестрі Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері Талғат Рахимбаевтың дирижерлігімен Түркештің «Көңілашар» күйін орындады. Одан соң консерваториядан келген Абылай Тілепбергеновтың дирижерлігімен Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» күйлері орындалды.
Сонымен қатар, Таңат Сәденов пен Абылай Тілепбергенов жастарға ашу мен ызасын, күйзелісі мен толғанысын, қуанышы мен жұбанышын күй өнерімен өрнектеген Құрманғазының көптеген шығармаларының тарихын баян етіп, ол композициялардың үздіктерін орындап берді.
Шара соңында Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, колледж директоры Дүйсебай Күшікбаев келген қонақтарға алғысын білдіріп, алғыс хаттарын табыстады.