Павлодар облысындағы Шарбақты блокбекетінде бизнесмен қауіпсіздік белдігін тағуды сұраған полицейді балағаттаған, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
– Mitsubishi L200 көлігінің 53 жастағы жүргізушісі құжаттарды тексеру үшін тоқтатылған. Өзінде және әйелінде Павлодарға кіруге рұқсат болған. Құжаттарды тексеріп жатқан кезде полиция қызметкері жүргізушіге қауіпсіздік белдігін тағу керегін ескерткен. Ал, жүргізуші оған ашуланып жауап беріп, балағат сөздер айтқан, – дейді Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Ғалым Сарғұлов.
Жүргізушінің дөрекі әрекеті полицейдің видеожетонына жазылған.
Бейнежазбада ер адам полицейге «Інім, кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білмейсің бе?» деп ары қарай блокбекеттен өтпек болады. Бірақ, полиция қызметкерлері оны уақытша ұстау камерасына жеткізген.
Павлодар әкімшілік сотының сайтында жарияланған мәліметке қарағанда, құқықбұзушы павлодарлық бизнесмен, кезінде облыстық мәслихат депутаты болған.
Ер адамның үстінен құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 667-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалады. Сондай-ақ, сот қаулысы бойынша жүргізушіге 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады.