Аудан жастары тұрғындар арасында халыққа қызмет көрсету орталығының қызметтерін түсіндіріп, көмек көрсетуде, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы.
Коронавирус инфекциясын алдын алу мақсатында қазіргі уақытта елімізде карантин режимі енгізілген болатын. Шектеу шараларына сәйкес бірқатар мекемелер арақашықтықты сақтау арқылы азаматтарды қабылдаумен қатар, қызметтерін онлайн түрде де ұсынып келеді. Олардың ішінде аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы да бар. Мұндағы көптеген жұмыстар сандық жүйеге байланысты болғандықтан, қызметтерді egov.kz электрондық үкімет арқылы да алуға болады. Осы және басқа орталықтың жұмысын түсіндіру мақсатында аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары мен еріктілер өз көмектерін көрсетуде. Олар ХҚКО-ға келушілердің сандық сауаттылығын арттырып, орталықтың ұсынатын қызметтерін онлайн түрде алуға болатынын ескертіп, ақпарат таратуда. Белсенді жастардың мұндай қолғабыстық істері карантин режимі аяқталғанша жалғасатын болады.