Жуырда «Апорт» ойын-сауық сауда орталығында Сержан Башировтың көрмесі өтті. Танымал зергер қазақ халқының ұлттық нақышындағы сәндік бұйымдарын өзінің этноавангард стилімен ұштастырып, қайталанбас жаңа бұйымдарын халық назарына ұсынды. Бұл шебердің шығармашылығы зергерлік өнерді бағалайтын қауымға жақсы таныс.
Сержан Мұратұлы – отандық және шет елдік көрмелердің тұрақты қатысушысы, ол Қазақстан өнерін ауқымды халықаралық семинарларда, сәндік-қолданбалы өнер биенналиесінде, жәрмеңкелерде лайықты деңгейде көрсетіп отырады. Соның бір дәлелі, жоғарыда айтылғандай «Керулен» атты жеке көрмесі оның шығармашылығының ерекше қырын ашып көрсетті. Оны ұйымдастырушылардың бірі Айжан Беккулованың сөзіне сүйенсек, экспозицияның негізгі бөлігін автордың тұрақты қолданатын материалдарынан (күміс,жартылай бағалы тастар, ағаш, сүйек, тері және металл) жасалынған инсталляциялар, сәндік паннолар құрайды екен. Аталмыш туындыларда мүсіндік, зергерлік, кескіндемелік әдіс-тәсілдер біріккен батыл, ерекше, жаңашыл авторлық ой айқын көрінеді. Сонымен қатар, көрмені музыкалық ансамбльдің сүйемелдеуі де тартымды болды.
Байқағанымыз, алтын қолды шебер сериялармен жұмыс жасағанды ұнатады екен. Мысалы, көрмеде «Қазақ текстилі» атты кең ауқымды сәндік паннолар сериясы ұсынылды. Қазақтың сырмақ, текемет, қоржын, тұскиіз сынды бұйымдарын зергерлік материалдар мен техникада көрсету – автордың тың ойларының бірі. Әр панно тек «бұйым» ғана емес, көркемөнер туындысы және ең бастысы, туынды халық шеберлерінің мұрасын басқаша сезінуге мүмкіндік береді.