Қазақстанның басым бөлігінде ақпан айында ауа температурасы климаттық нормадан сәл төмен болады деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстан аумағының басым бөлігінде ақпан айының алғашқы онкүнінде атмосфералық фронттардың жиі өтуіне байланысты ауа райы бұзылуы мүмкін. Елімізде жауын-шашын болып, кей жерде қар мол түсіп, желдің екпіні 15-25 м/с-қа дейін жетеді. Ал, республиканың солтүстігінде боран соғып, оңтүстігінде тұман және көктайғақ болады» – деді синоптиктер.
Бірінші онкүндіктің ортасына қарай Батыс Сібір жақтан антициклон келіп, күн суытады: батыс және солтүстік-батыс өңірлерде түнде -20-30°С аяз, күндіз -15-23°С нөлден төмен; солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнде -33-43°С аяз, күндіз -25-33°С; оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде түнде -18-28°С нөлден төмен, күндіз -5-15°С;
Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес, осы антициклонның әсерінен алғашқы екі онкүндікте күн суық, бірақ жауын-шашын аз болады, ара-тұра белсенді циклондар мен атмосфералық фронттарға байланысты күн бұлттанып, жауын-шашын түседі.
Жалпы айтқанда, еліміздің басым бөлігінде бір ай ішінде орташа ауа температурасы нормадан 1-2°С төмен болады, батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтары ғана климаттық нормаға жақындайды.
Синоптиктердің болжамы бойынша, жауын-шашынның айлық мөлшері Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Маңғыстау облыстарында, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда облыстарының басым бөлігінде, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерінде нормадан аз болады, ал Қазақстанның қалған аймақтарында нормаға жақын және одан жоғары болуы ықтимал.