Үкімет отырысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Қазақстанның ауасы ең лас 10 қаласын атады, – деп хабарлайды Karasayinfo.kz.
– Атмосфералық ауа мониторингіне сәйкес 45 өнеркәсіптік қаланың ішінде 10 қала атмосфералық ауа ластануының жоғары ластану деңгейіне жатады. Бұл – Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары, – деді Брекешев үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, жоғары ластануға жабдықтардың тозуы, зауыттардағы шаң тазарту қондырғылары жұмысының тиімсіздігі, жаңғырту мен қайта құрудың жоқтығы, көмірді пайдалану себеп болып отыр. Сондай-ақ, ол жерүсті сулары ластануының негізгі себебі кәріздік-тазарту құрылыс жайларының тозуы екенін атап өтті. Бұған қоса қатты тұрмыстық қалдық полигондарының санитарлық және экологиялық талаптарға сай келмеуі, оларды өңдеу деңгейінің төмендігі және стихиялық үйінділер өте өзекті проблемаға айналды.