15 ақпаннан бастап ЕХРО қалашығындағы пәтерлерді бөліп төлеу арқылы сатып алуға болады деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылым Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Бәйтерек девелопмент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асқарбек Өсербаевтың айтуынша, енді қалашықтағы пәтерлерді сатудың жаңа механизмі жұмыс істейді. Яғни, тұрғындар пәтерді 12 жылға дейін 3 жылдық пайыздық мөлшерлемемен ала алады.
Үйді сатып алушыларға негізгі үш шарт қойылған. Алдымен, пәтер бағасының кем дегенде 20 пайызын төлеу арқылы өзінің төлем қабілетін растауы керек. Келесі кезекте Бәйтерек девелопмент» АҚ-пен мүліктің кепілге алынғаны туралы келісімшартқа отырып, 3 айлық көрсеткіш мөлшерінде кепілді жарнаны төлеуі міндетті. Сонымен қатар, алынған мүлікті бөліп төлеу мерзімі кезінде сақтандыру қажет.
Компаниядағылардың айтуынша, бір отбасы тек бір пәтер ала алады. Өтініштерді Digital Baiterek порталы арқылы қалдыруға болады. Ал, олардың төлем қабілетін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ электронды платфомасы анықтайды.
Айта кетейік, қалашықтағы бір бөлмелі пәтердің аумағы 41,3-50,7 шаршы метр; екі бөлмелі – 60,8-75,6 шаршы метр, үш бөлмелі – 85,3-104,9 шаршы метр, төрт бөлмелі – 108,4-123,7 шаршы метр.