Үйінде ерекше күтімді қажет ететін жақын адамы бар жандарға қысқартылған жұмыс кестесі ұсынылады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы «Евразия» Бірінші арнасына сілтеме жасап.
Толық емес жұмыс күні кестесіне жүкті әйелдер мен үш жасқа дейінгі балалары бар қызметкерлер, сонымен қатар, үйінде ерекше күтімді қажет ететін ата-анасы, баласы немесе жұбайы барлар да үміттене алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі заңға осындай түзетулер енгізуді ұсынды. Ал, депутаттар мұны бірауыздан қолдады. Алайда жұмыста мұндай артықшылыққа ие болу үшін міндетті түрде дәрігердің медициналық қорытындысы керек екенін ескерген жөн.
– Жалақы «Еңбек кодексіне» сәйкес төленеді, яғни нақты жұмыс істеген уақыты үшін, ал толық емес жұмыс кестесін ұсыну тәртібі мен шарттары медициналық-консультативтік комиссияның қорытындысымен анықталады. Мысалы, егер мүгедектік тағайындалмаса, онда толық емес жұмыс күні 6 айға дейін беріледі, – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов «Еңбек мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» Заң жобасын ұсыну барысында .