Домбыраның пайда болуы туралы аңыз

Домбыраның пайда болуы туралы аңыз

Sorry, this entry is only available in Русский.

Ертеде бір хан  қызын  кедей жігітпен көңіл жарастырғанын сезіп қалады да жігітті дереу дарға астырады. Екі қабат болып қалған қыз мезгілі жетіп босанады. Оны аңдыған мыстан кемпір егіз баланы көз көрмес, құлақ естімес, алыс жерге апарып,  жап-жасыл үлкен бәйтерек басына ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып іліп кетеді. Сәбилердің  көз жасы тамған бәйтерек солады, жүрегі тоқтаған нәрестелермен бірге ағаш та қурайды.

Қаңқу әңгіме халық арасында жата ма, оны естіген ана егізін іздеп жолға шығады. Жолдан шаршаған ана ағаш түбіне келіп, демалады Құлағына күмбірлеген сарын естіледі. Қайдан шыққан әуен екенін білгісі келіп ағаш үстіне шығып тыңдаса, жаңағы бәйтерек сынып кетеді. Ағаштың түбінен басына дейін іші қуыс екенін көреді. Екі басына бұтақтан-бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Екі ішек самал желмен тербеліп, одан әуен шығады екен. “Егіз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар” деп сол ағаштан аспап жасап алады. Батысқа қараған ішегі бостау, шығысқа қараған ішегін қаттылау керілген екен. «Астыңғы ішек – жіңішке дауысты қызым Зарлық, ал үстіңгі ішек – бос қоңыр дауысты ұлым Мұңлық болсын» деп екі ішекке ат қойып, домбырасын тартып, күй шығарып кеткен екен.

Қазақтың жаны мен жүрегі…

Елбасының «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасында өнер саласы, ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүрлеріміз үлкен маңызға ие болған. Осындай үлкен істерге үлес қосып жүрген, елін құрметтейтін азаматтар да көп. Солардың бірі, Қаскелең мәдениет колледжінің мұғалімі, домбыраның «тілін шығара» білетін қолөнер шебері Арнұр Асқарұлымен әңгімелесіп қайтқан болатынбыз.

Ол 1995 жылы аталмыш колледждің қолөнер бөліміне түсіп, 1998 жылы тәмамдаған. Кейін, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің көркемсурет факультетінде білім алып, оны 2002 жылы аяқтаған соң Қаскелең мәдениет колледжіне жұмысқа орналасқан. Мұнда ұстаздық етіп келе жатқанына 16 жыл болыпты. Арнұр Асқарұлы ағаштан музыкалық аспап, әртүрлі ұлттық бұйым жасаудың хас шебері.

– Біздің бөлімде ұл, қыз деп бөлінбейді. Олар қолөнердің барлық түрін тең оқиды. Десек те ер балалар ағаш өңдеу әдістерін жеңіл үйреніп, ұлттық нақыштағы бұйымдар мен аспаптарды жасауға ынталанып тұрады. Шәкірттеріміз белгілі бір бұйым жасауға қызығушылық танытып жатса, шеберханада ешқандай шектеу жоқ, көмегімізді мейлінше көп береміз – дейді ол.

Иә, домбыраның үнін сүймейтін, ерекше елтіп тыңдамайтын қазақ жоқ шығар. Бұл тамаша аспаптың сазды әуені жан-жүрегіңе жетеді. Әйтеуір, күмбірлеген қоңыр дауысымен адам жанын әп-сәтте жаулап алады. Сол үздік үнімен бүкіл қазақ елін, жерін тербеп, ұлық ұлтымыздың ойымен, сезімімен бірге біте қайнасады.

Сұхбаттасымыздың әңгімесінен түйгеніміз, домбыраның үні құпия, сиқырлы, әсем болса, оны бейнелеп, кескіндеп жасау соншалықты сан алуан шеберлік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Қолөнер шеберлері домбыраны өз қалауынша әртүрлі үлгіде жасайды. Алғашқы кезде перне саны бес пен жетіге дейін болса, кейін тоғыз бен 19-ға дейін жеткен. Қазір қолданыста жүрген домбыралардың 90 пайызы 19 пернелік. Қазақстан жерінде домбыра пішіні әртүрлі болған екен. Мысалы, оңтүстік пен батыс өлкелерінде сопақшаланып немесе  дөңгеленіп келсе, орталық, солтүстік және шығыс өлкелерінде көбіне домбыра шанағының бұрыштары үшкірленіп жасалынған.

6000 жылдық тарихы бар бұл аспапты дайындаудың әлі күнге дейін мемлекеттік стандарты жоқ. Ал стандарт болу үшін арнайы зерттелуі қажет. Жұмагелді Нәжімеденов егер зерттеу жұмыстары жүзеге асырылатын болса, ежелгі домбыраның үні қайта оралар дегенді айтады. Дегенмен, Арнұр Асқарұлы мен оның шәкірттерінің айтуынша, мұндай қос ішекті аспапты жасаудағы алғашқы қадам ағаш таңдаудан басталады. Осы орайда, Арнұр ағамыздың Бекет Ерғалиұлы, Дидар Сәрсенбек және Мейіржан Айдар сынды шәкірттері домбыра жасау үрдісін бастан аяқ көрсетті бізге. Бұл аспапты жасау үшін, қайың, қарағай, жөке, шырша, үйеңкі, самырсын, т.б. ағаштарды пайдаланады. Одан соң, арнайы ыстық темір бетіне ағаштан тілінген шанақ бөлшектері қойылып иіледі. Шанақ толықтай құралған соң, мойын ағашы дайындалып, оны ағаш желімі арқылы шанаққа бекітеді. Желімделген бөлшектер толықтай қатқанша, домбыра басын, оған тағылатын құлақтарын, тиегін  дайындады студенттер. Жарты сағаттай уақыт өткен соң, шанаққа бетқақпақ, жиектеме, белағаштары бекітілді. Осылайша домбыра пішіні дайын болып, оны оюлармен көркемдеу, бетқақпағын тесу, бояу жұмыстары жасалды. Үш күннен кейін аспап толықтай кеуіп, перне мен ішек тағылды да, ұлттық аспаптың сиқырлы дауысын естіп қайттық.

Жалпы, Арнұр ағамызға қазір ұлттық музыкалық аспаптар жасауға сұраныстар көп түсетін көрінеді. Ол осы орайда, атамның, әжемнің көзі еді деп қайта өңдеуге, жөндеуге, жаңартуға бұл шеберхананы білетін талай жұрт көптеген ескі домбыраларын жөндетіп қуанып қайтқанын да тілге тиек етті.

Шын мәнінде, ескінің көзін жаңартып, еске алып, жақсының жақсылығын айтып, ұрпағына жеткізу және жақсы тәлім-тәрбие беру де – рухани жаңғырудың бір жүйесі. Сөз соңында, ағашқа жан бітіріп, ұлттық құндылығымызды дәріптеп жүрген Арнұр ағамыз бен осылай ел ертеңі үшін үлкен еңбек етіп жүрген оның шәкірттеріне шығармашылық табыс тілейміз!

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях