Бүгін аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері ауданымыздағы оқу орындарының бірінде жастардың дін туралы сауатын арттырып, теріс ағымдарға еріп кетуіне жол бермеу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.
Бүгінгі таңда ел арасында үлкен мәселе туғызып, халықты алаңдатқан жайттың бірі – түрлі діни ағымдардың ел арасына ішкерілей еніп, жастарымыздың санасын улау екендігі баршаға мәлім. Осы ретте еліміздің әр аймақтарында жастардың арасында діни ұғымды қалыптастыру, оның түп қазығын ұғындыру үшін діни ақпараттық топтар құрылып олар жүйелім түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, бүгін ауданымыздың ақпараттық-түсіндіру тобы Мәдениет колледжінің ғимаратында студенттермен кездесіп, «Діні беріктің діңгегі бұзылмас» атты тақырыпта түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында топ мүшелері – ауданның бас имамы Ринат Ташенов, Қаскелең қаласы әкімдігінің бас маманы Маржан Айткенова, аудандық теолог-инспектор Құрман Мағжан мен Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова бүгінгінің басты мәселесі болып отырған жат ағымдардың себеп-салдары жайында, теріс пиғылды діни ағымдар мен дәстүрлі діннің ара-жігін ажырата білу керектігін түсіндірді. Басқосу барысында жастарды рухани тәрбиелеу, дін мен жастар арасындағы өзара ықпалдастық жайында кеңінен мағлұмат берілді. Сондай-ақ, жастарда діни экстремизм, терроризм сияқты кертартпа ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру мақсатында өткен басқосуда қазіргі таңда қоғамның тұрмыс-салты мен дүниетанымының жүйесі ретінде діннің рөлінің айтарлықтай ерекше екендігі айтылып, дін мен жастар арасындағы өзара ықпалдастықтың маңыздылығы да сөз болды.
Жиын соңында топ мүшелері жиын барысында студенттер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.