ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі парасат департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы дәріні шекті бағадан асырып сатқандарға 194 мың теңге айыппұл салынатындығын мәлім етті, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
– Дәрінің бағасын белгіленген шекті бағасынан асырып сатқаны үшін 70 айлық есептік көрсеткіш немесе 194 460 тг айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Өкінішке орай, мониторинг барысында барлық өңірлерде осындай фактілер анықталды. Мәселен, елордалық дәріханаларда Амлодимед және ЦЕФ-3 препаратының бағасы 3,1 есе асырылып сатылған. Ақтөбе, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында сұранысқа ие препараттардың бағасы шекті құнынан 2 еседен астам жоғары, – деді Ғанижан Асанұлы.
Оның атап өтуінше, анықталған кемшіліктер бойынша Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 426-бабы бойынша 21 әкімшілік хаттама толтырылып, барлық тәртіп бұзушылар айыппұл түріндегі жауапкершілікке тартылды.
– Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің мәліметі бойынша бүкіл ел бойынша 65 хаттама түзілді, – деді департамент басшысы.