Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығы 12 тамыз «Халықаралық Жастар күніне» орай «Дәрігерлерге мың алғыс» атты акциясын өткізді, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.
Төрт айдан астам уақыт аяқтарында тік тұрып, әрбір өмірге араша түсуде ерекше, қажырлы еңбек етіп келе жатқан дәрігерлерге қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Бүгін қауіпті індетпен күресіп жүрген дәрігерлерге арналған ілтипаттарын білдіру үшін қарасайлық еріктілер аудандық орталық аурухананың дәрігерлері мен қызметкерлеріне анар сусындары мен 500-ге жуық бетперде табыстады. Жастар міне, осылайша ақ желеңді абзал жандарға, бірге екендігімізді жеткізіп, құрметтерін білдірді. Өз кезегінде дәрігерлер игі бастамаға себепкер болған Жастар ресурстық орталығына алғыстарын айтты.