Алматылық дәрігерлер әйелдің ішінен салмағы 7,5 келі эхинококк кистасын алып тастады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
№7 қалалық клиникалық ауруханасының хирург дәрігері Мұса Сахиповтың айтуынша, науқас Алматы облысынан келген.
«Пациентте ауырсыну, өзін жәйсіз сезіну сияқты ешқандай белгі болмаған. Тек соңғы жылдары 3-4 келі салмақ қосқан. Қазан айының басында аллергияға ұшырайды. Сөйтіп, ол кісі тұрғылықты жері бойынша терапевт дәрігеріне қаралады. Узи жасатады, сол уақытта бауырында эхинококк бар екені анықталады», – дейді дәрігер.
Әйелдің ішіндегі үлкен эхинококк кистасын алматылық дәрігерлер алып тастады.
«Операцияны 26 қазан күні жасадық. Мұндай эхинококк өте сирек кездеседі. Әйелдің іш құрылысын түгел алып жатыр. Оның жарылып кету қаупі өте жоғары болды. Операция кезінде бауырдан 500 мл қан жоғалттық. Бір доза қан құйдық. Операция күрделі болғандықтан, тоғыз сағатқа созылды», – дейді № 2 хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мұса Сахипов.
Науқас екі күн жансақтау бөлімінде жатты, қазір бөлімшеге ауысты. Өміріне қауіп жоқ.
Эхинококк – таспа құрттың бір түрі. Адамға бұл ауру көбінесе иттен жұғады. Адам ішегіне түскен эхинококк жұмыртқасы қан тамырына өтіп, одан қан арқылы бауырды, өкпені, т.б. ішкі органдарды зақымдайды.