Ішкі істер министрлігінің вице-министрі Алексей Калаичиди Сенат депутаттарының көшпелі отырысында еліміздегі полиция қызметкерлерін даярлайтын оқу орындарының саны қысқартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
– Біз кейбір оқу орындарының ведомстволық білім беру жүйесі дұрыс болмағандықтан, болашақ полиция қатарына жұмыс жасайтын білікті қызметкерлерді дайындай алмайтын оқу орындарының жұмысын тоқтаттық. Нәтижесінде 12 оқу орнының тек 5-еуі ғана қалды. Енді болашақ заң қызметкерлерін Алматы, Қарағанды және Қостанай қалаларындағы академиялары мен Ақтөбе заң институты және Шымкент заң колледжі дайындайтын болады, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, әр академияның өз мамандануы бар – Алматы – жедел-тергеушілерді, Қарағанды – тергеушілер мен криминологтарды, Қостанай – қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлерін, Ақтөбе институты – әкімшілік полиция қызметкерлерін, Шымкент колледжі – арнайы күзет қызметін дайындайды.
– Біз тәжірибеге бағытталған бірқатар жаңа бағдарламаларды дайындадық, онда көбінесе полицияның арнайы тактикасына, психологиялық дайындыққа, заманауи технологиялармен жұмыс істеуге және қызметкерлердің коммуникациялық дағдыларын дамытуға көп көңіл бөлдік, – дейді Алексей Калаичиди.
Сонымен қатар, отырыс барысында вице-министр жаңа оқыту жүйесінің нәтижелері желтоқсанның аяғында дайын болатының айтты.