Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін, ақпан айында өткен кеңесте БҒМ–ге ведомстволық бағынышты жоғары оқу орындарымен талқылап, бұйрыққа қол қойып, онда екі норманы бекітті. Бұл жөнінде ҚР Білім және ғылым министр Асхат Аймағамбетов facebook-те жазды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік баслыымы.
Бірінші. 2021 жылдың қыркүйегінен бастап штаттағы оқытушылар үшін минималды жалақы мөлшерін белгілеу. Яғни, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап БҒМ-ге ведомстволық бағынышты жоғары оқу орнында штаттағы оқытушы айына кем дегенде 200 мың теңге, аға оқытушы – 230 мың теңге, қауымдастырылған профессор – 260 мың теңге; профессор 350 мың теңге (ұлттық жоғары оқу орындарында – 400 мың теңге) алуы тиіс.
Бұл жалақының ең төменгі мөлшері болуы тиіс. Сондай-ақ әр жоғары оқу орны оқытушылардың белгілі бір жетістіктері үшін басқа да ынталандыру төлемдерін белгілеп, төлей алады.
Екінші. Педагогикалық жүктеменің максималды көлемін 1 ставка үшін 680 сағаттан асырмау.
Әрине, бұл педагогикалық жүктемесі аталған көрсеткіштен төмен ЖОО-ларды (жылына 450 немесе 500 сағат) ештеңеге міндеттемейді. Яғни, сағат санын белгіленген 680-ке дейін жеткізу міндеті тұрған жоқ. Оқытушыға берілген 1 ставка көлемі 700-900 сағат немесе одан жоғары болатын жоғары оқу орындары сағат санын 680-ке дейін төмендетуі керек.
Бұл бұйрықты ерте қабылдап жатқанымыздың өзіндік себебі бар: 2021 жылдың қыркүйегіне дейін ЖОО басшыларына өздерінің шығыстарын қайта жоспарлап, оңтайландыру және кірістерін ұлғайту үшін уақыт береміз.
Аталған шешім жоғары оқу орындарындағы әкімшілік-басқару персоналы мен педагогикалық-оқытушылық құрамның арақатынасын өзгертуге, басқа да маңызы басым емес шығыстарды қысқартуға және бюджеттердің шығынын қайта қарауға мәжбүрлейтіні анық.
Біз ректорлармен 2021 жылдың қыркүйегіне дейін тиісті жұмыс жүргізілетіні туралы келісімге келдік. Президенттің бұл тапсырмасының орындалу барысын ЖОО директорлар кеңестері мен Білім және ғылым министрлігі бақылауда ұстайтын болады, делінген жазбада.