Округ халқы ауылдарда дәрігерлік амбулаторияның жоқтығына наразы. Ол жайында өтініштерін бүгін аудан әкімі Жандарбек Ермекұлына жеткізіп, оның есептік кездесуінде осы мәселені көтерді, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Ауылдық округке қатысты бірқатар жағдайды түсіндірген ақсақалдар алқасының төрағасы Бақытжан Әлменбетов дәрігерлік амбулаторияның қажеттілігін де сөз етті. Қарияның сөзінше, Қайнар ауылындағы мешітке қарама-қарсы орналасқан ғылыми-зерттеу институтының қараусыз жатқан жері шағын аурухана салуға ыңғайлы. Ал меншік иесіне шаруашылыққа жарамды басқа жерді тауып берсе деген ұсынысын жеткізді. Алайда «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы» институтының директоры Жарас Өмірбаев оны министрлік арқылы шешкен дұрыс деген пікірін білдірді. Оның сөзін аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы құптап, алдағы уақытта бірлесіп шешетінін мәлімдеді. Ал өтінішін жеткізген ақсақалдың уәжі назардан тыс қалмады. Ол жайында нақты ақпарат берілді. Анығын айтқанда, Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Руслан Көккөзов алдағы уақытта Бекболатта да, Қайнарда да 50 науқасқа арналған дәрігерлік амбулаториялар салынатынын айтты. Тіпті, екеуінің де жер телімдері анықталған. Бекболатта салынатын аурухананың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатса, Қайнардікін жасау үшін қаражат қарастырылуда.