иыл Жамбыл ауылдық округінде халық игілігі үшін бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.
Округтегі жағымды жаңалықтардың бірі – Батан ауылында салынып жатқан мектеп. Бүгінгі таңда 2,2 га жер теліміне 450 орындық білім ұясының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Барлық жұмысының құны 1 млрд. 289 мың теңгені құрайтын бұл нысанның бой көтеруіне «СП «NEFT» ЖШС толығымен жауапты. Көптің тілеуімен ғимараттың жұмысы биыл аяқталып, қолданысқа берілу жоспарлануда. Сонымен қатар, 600 орындық жаңа мектептің іргетасы Қошмамбет ауылында да қаланатын болады. 2,6 га жер телімі қазіргі уақытта сатып алынып, биыл оның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленеді.
Тұрғындардың саламатты өмірін жақсарту мақсатында биыл Жамбыл ауылындағы мектепаралық оқу-өндірістік комбинатының аумағының 4 сотық жеріне «Street Workout» алаңы мен шағын саябақ салынады. Жергілікті бюджет есебінен жүзеге асатын бұл бастама жыл соңына дейін аяқталады деген болжам бар.
Округтің құрамына кіретін Ұлан ауылының тұрғындары үшін алдағы уақытта жақсы жаңалық болады деп күтілуде. Мұнда ұландықтардың игілігі үшін 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салынатын болады.
Жоғарыда атап өткен маңызды нысандардан бөлек, ауыл ішіндегі бірқатар көшелерге қатысты жаңғырту жұмыстары да 2021 жылы жүзеге асады. Мәселен, Жамбыл мен Батан ауылын жалғайтын Донбаев көшесінің жол жиегі толықтай жөнделуде. Ұлан ауылындағы Ағыбаев көшесіне биыл күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар, Жамбыл ауылындағы Бейбітшілік көшесі де күрделі жөндеуден өтеді. Қазіргі уақытта оның жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда.
Ауылдық окугте өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша да біраз жұмыстар атқарылады. Нақты айтқанда, Жамбыл ауылындағы Сәтбаев көшесіне биыл толықтай ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ол үшін мемлекет тарапынан 13 млн. 308 мың теңге қаражет бөлінді. Дәл сол сияқты осы ауылдағы Абай көшесінің қалған бөлігіне де күрделі жөндеу жұмыстары атқарылады. Осы аталған көше құрылыстарынан бөлек, бағдарлама аясында алдағы уақытта Жамбыл ауылына 3 млн. 334 мың теңгеге спорт алаңын салу жоспарда бар. Республикалық бюджеттен қажетті қаржы бөлінген соң ел игілігі үшін бұл ауқымды шаруа да жүзеге асады.