Басты ұстанымы – сенімді, байсалды болу

Басты ұстанымы – сенімді, байсалды болу

Бүгінгі күні елімізде сапалы қызмет атқарып, мамандығына деген мақсаты айқын мамандар жетерлік. Халық ықыласына бөленіп жүрген сондай азаматтардың қатарында полиция қызметкерлері де бар. Олардың атқарып жүрген міндеттерін кез келген адам орындай алмасы анық. Осы мақсатта жұмысын адал атқарып, елге қызмет етіп жүргендердің ішінде Қарасай аудандық Полиция басқармасының патрульдік полиция рота инспекторы, полиция аға лейтенанты Дастан Нұрғажаев бар екенін айтуға болады. 23 маусым – Қазақстан Полициясы күні қарсаңында тақырыбымызға арқау болып отырған тәртіп сақшысы жайлы жазуды жөн санадық.

Нұрғажаев Дастан Қуандыкұлы 1990 жылы Қаскелен қаласында дүниеге келген. Осындағы Н.Әлімқұлов орта мектебінің табалдырығын аттап, білім алды. Дастан Нұрғажаев  отбасында екі ұлдың  үлкені. Өзінен кейін Даниэль есімді інісі бар.
Қазіргі уақытта Дастан Қуандықұлы сүйген жары Назым екеуі тұңғыш балаларының дүниеге келуін асыға күтіп жүр. Ата-ана атану бақытына жетуіне біз де тілекшіміз.

Қоғам тыныштығына жауапты полиция қызметкерлерінің алған білімі мен еңбек жолына тоқталар болсақ, ол  2006-2009 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ Бас Сәулет академиясының сәулет факультетін бітірген. 2010 жылы Отан алдындағы борышын өтеу  үшін әскерге аттанды. Ол жақтан оралған соң, жоғарғы білімін шындау үшін 2011-2013 жылдар аралығында  Қазақ Бас Сәулет құрылыс академиясындағы құрылыс факультетін тәмамдады. Білім алуды, ізденісті көп көрмеген Дастан Қуандықұлы 2018-2020 жылдары Тараз қаласындағы ТарМУ-дің құқықтану факультетінде «құқықтанушы» мамандығын аяқтады.

Бар білімін жетілдірген Дастан Нұрғажаев 2014 жылы Қарасай аудандық Полиция басқармасына қызметке орналасып, бүгінгі күнге дейін осы жауапты салада жемісті еңбек етуде. Халыққа адалдығымен, жұмысын бей-жай қарамауынын арқасында 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен ЭКСПО-2017 қарсаныңда Нұр-Сұлтан қаласының полиция генерал майорының алғыс хатына ие болды. 2020 жылы сол кездегі Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолынан алғыс хат алды. Дастан Қуандықұлы мамандығына деген адалдықты халыққа қызмет көрсету деп біледі. Жұмыстағы басты ұстанымын  әрқашан сенімділікпен әрекет ету, байсалды болу деп ұғынады.

Мақсаты айқын, түсінігі терең біз білетін полиция қызметкері Дастан Қуандықұлы осындай. Ел алдында елеулі еңбек етіп жүрген, халықтың амандығын ойлайтын тәртіп сақшысын кәсіби мерекесімен және Қазақстан Полициясының 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймыз!

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях