Қарасай ауданында құрылыс базарынан өрт шықты, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап.
Кеше 16-46-да өрт сөндіру қызметіне Қаскелең қаласына маңына жақын орналасқан «Алматы-Бішкек» тасжолының бойындағы «Барыс-3» құрылыс базарының аумағында құрылыс материалдары бар қоймада өрт тұтанғаны туралы хабар түскен. Өрт сөндірушілердің алғашқы тобы 16:50-де жеткен кезде қойманың өртке оранып жатқанын көрген. Қолданылған шаралардың арқасында жалын 17:42-де ауыздықталып, 19:09-да сөндірілді. Тілсіз жау 500 шаршы метр аумақты шарпыған. Оның неден шыққаны анықталып жатыр. Өртті сөндіруге Алматы облысы және Алматы қалалық ТЖД жеке құрамның 28 адам мен сегіз техника, жергілікті атқарушы органдардан су таситын үш көлік тартылды.