Балқаш көлінің жағалауы жанданбақ  

Балқаш көлінің жағалауы жанданбақ   

Сарқан ауданына жұмыс сапарымен барған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын бағамдап, туризм саласы бойынша қолға алынып жатқан тың жобалармен танысты. Бұл жөнінде Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды naqty.kz.

Алдымен «Самал» шаруа қожалығының егіс алқабын көрді.  Шаруашылық басшысы Ермек Қалиев  1000 гектардан аса жері болса, соның жартысынан көбі егістік, қалғаны жайылым жер екенін айтты. Биыл 30 га алқапқа қант қызылшасын еккен. 40 адам жұмыс істейтін шаруашылық мол өнім алуға ниетті. Әсіресе, әр гектардан 700 центнерден тәтті түбір жинау жоспарда бар. Аймақ басшысы Бейбіт Өксікбайұлы «Душкин» шаруақожалығының қызметімен де танысты. Олар «Суффле Қазақстан» ашытқы зауытына жылына 6000 тонна арпа өткізеді. Жалпы, Сарқан ауданы суармалы жер көлемін арттыруға күш салмақ. Қазірдің өзінде 35 мың гектар алқап бар. Осы ретте, аудан басшысы Талғат Қайнарбеков өңірдің экономикалық көрсеткіштерін негізге ала отырып, суырмалы жерлерді көбейту қажеттігін айтты. Ол үшін ішкі тоғандарды тазалап, арықтарды қалпына келтіруге қаражат керек.

Бейбіт Исабаев Сарқан қаласындағы «Болашақ» ықшамауданының бас жоспарын көрді. Құрылыс алаңында болды. Онда қазіргі уақытта 20 пәтерлі тұрғын үй бой көтеруде. Мердігер «Golden City DS» ЖШС тұрғын үйдің құрылысын 45 пайызға аяқтаған. Нысанды жыл соңына дейін тапсырмақ. Ендігі кезекте «Болашақ» ықшам ауданында 5 қабатты 5 тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасына 50 млн. теңге қаражат қажет. Жоба іске асса, кезекте тұрған 800 адамның жартысына жуығы баспаналы болмақ.

Облыс әкіміне Балқаш көлі жағалауының инфрақұрылымы және тау туризмін дамыту жоспары таныстырылды. Тополевка ауылынан Жалаңаш кордонына дейінгі жол жөнделген жағдайда 4 ұзақ мерзімді жоба жүзеге асып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл өз кезегінде тау туризмін дамытуға үлкен септігін тигізері сөзсіз. Турбазаға арналған үш жоспар бар. Бірінші жоба – Үлкен Басқан шатқалында, инвестор «Sadu Development» ЖШС, инвестиция көлемі 120 млн. теңге. Екіншісі, Жалаңаш шатқалында, инвестор «AQPANASSETS» ЖШС, инвестиция көлемі 350 млн. теңге. Үшінші жоба – Шолақ-жота шатқалында, инвестор «Sadu Development» ЖШС, инвестиция көлемі 100 млн. теңге. Ал, төртінші жоба бойынша 50 млн. теңгеге инвестицияға этноауыл ашылады.

Балқаш көлі жағалауында ұзындығы 16,3 шақырым, жалпы ауданы 860 гектар жер учаскесіне 7 демалыс аймағын салу қарастырылған. Қазіргі уақытта инженерлік коммуникациялар желісіне арналған жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Жағалауға электр, ауызсу, кәріз желісі тартылмаған. Балқаш көлінде туризмді дамыту үшін алдымен су, электр жүйесін тартып, жол салу қажет. Жобаның құны 4,9 млрд теңге. Аталмыш жоба іске асса, инвесторлар демалыс орындарын, қонақүй салуға дайын. Нәтижесінде отбасылық демалыс нысандары, емделу-сауықтыру кешендері ашылады. Ерекше және VIP демалыс аймақтары туристерге қызмет көрсетпек. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін, 13 млрд теңгеге инвестиция тарту және 7000 адамға жаңа маусымдық жұмыс орындарын ашу жоспарда бар.

Аудан аумағында жасыл энергетика бағытында қуаты 50 МВт болатын жел электр стансасы салынуда. ЖЭС Лепсі ауылынан 80 шақырым жердегі жазықта орналасқан. Онда әрқайсының қуаты 3,2 МВт болатын 16 жел қондырғысы болады. Соның арқасында ауданға 19,3 млрд. теңге инвестиция тартылды. Сарқан, Ақсу, Алакөл ауданын электр энергиясымен қамтамасыз етпек. Бұдан бөлек «Baskan power» ЖШС Басқан өзенінде ГЭС салып, электр энергиясын өндіруде. Осыған дейін «Жоғарғы Басқан ГЭС-1» жобасы іске асты. Ендігі кезекте «Жоғарғы Басқан 2 және 3» жобаларының құрылысын жүргізуде. Бұл екеуінің жалпы қуаты – 14,9 МВт, жобалық құны – 2 млрд. теңге. Нысанды салу кезінде 200 адам жұмысқа тартылды. Осы жылдың соңына дейін ГЭС іске қосылады. Ал, ультрапастерленген сүт өнімін шығаратын «Райымбек Агро» ЖШС сүт фермасын салуға ниетті.

Бейбіт Өксікбайұлы жұмыс сапары барысында Сарқан қаласындағы «Сенім» оңалту орталығының қызметімен танысты. Өңірде 184 мүмкіндігі шектеулі бала тіркелсе, оның 40-ы оңалту орталығына жүгінуге мұқтаж. Мұнда тек 20 бала ем алуда. Сондықтан нысан тарлық етіп, қосымша ғимарат салу қажет. Облыс басшысы халықаралық ұйымдардың грантына қатысу арқылы бұл мәселені шешуге болатынын айтты. Сондай-ақ күрделі жөндеуден өткен Сарқан ауданының орталық емханасының жұмысын бақылады. Емхананың материалдық-техникалық жабдықтауына қаржы керек. Бұл орайда Бейбіт Өксікбайұлы компьютер сатып алуға жәрдемдесетінін жеткізді.

Келесі кезекте Сарқан гуманитарлық колледжінің жатақханасын күрделі жөндеуден өткізу мәселесі көтерілді. Жобалық-сметалық құжаттамасына 33 млн. теңге керек. Және де оқу орнына спорт зал салу мәселесі сөз болды. Оның жобалық-сметалық құжаттамасына 16 млн. теңге қажет. Колледж директорыны жаңа мамандықтар ашу туралы тапсырма берген облыс әкімі Бейбіт Исабаев Балқаш көліннің жағалауында қонақ үйлер бой көтереді. ГЭС салынатынын,  бұл бастама арқылы жұмыссыз жүрген жастардың санын азайтуға мүмкіндік туатынын айтты.

 

 

 

 

 

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях