Бағдарламаның игілігін көруде

Бағдарламаның игілігін көруде

Sorry, this entry is only available in Орыс Тілі.

Қаскелең қаласында тұратын Жанар Матчанова жолдасы Дамир Жармағанбетов екеуі жеті перзент тәрбиелеп отырған көбалалы ата-ана. «Өрлеу» жобасы туралы олар алғаш ғаламтордан оқып, біліпті. Кейіннен, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, анық-қанығын сұрастырып, құжаттарын жинауға кіріскен. Бастапқыда, осындай тегін, қайтарымсыз ақшалай көмектің болатынына күдіктеніп, оған қоса, қандай да бір кәсіппен айналысуға жәрдемдесіп, өзің қалаған мамандықты тегін меңгеруге ықпал ететіндердің болатындығына сенімсіздік танытқандар да кездесіп, оларды райларынан қайтарғысы келген көрінеді. Алайда, алған бетінен түңілмей, жобаға қатысқандарына бұл жұп бүгінде өкінбейді, керісінше, қуанышты. Өйткені, бағдарламаның арқасында бұрын кез-келген қара жұмысты қолға алып жүрген отағасы Дамир қазір «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының ІІІ бағыты бойынша автоэлектрик кәсібін меңгеріп жатыр. Қазіргі кезде темір тұлпар тақымдаушылар саны күн санап артып келе жатқандығын ескерсек, бұл кәсіп иелеріне де сұраныстың болашақта аз болмайтындығы анық.

Ал, жоба аясында бөлінген 500 мың теңгеден астам шартты ақшалай көмекке Жанар екі сүтті сиыр мен үш қой, үш ешкі сатып алыпты. Үйінде кәмелетке толмаған жеті баласы бар ананың бұл ойы да түсінікті. Перзенттері енді күніне таза табиғи өніммен тамақтанып, ағарған ішетін болды. Тіпті, олардан артылып жатса біразын саудалап, мал азығын тұтынуға жинақтауы да мүмкін. Әйтеуір, бардың зияны болмайтыны белгілі.

Жалпы, Елбасының бастамасымен осындай жарқын жобалар елімізде жүзеге асып жатқандығына ризашылығын білдіріп, ауданымыздағы оған алғашқы қатысушылардың бірі ретінде шарапатын сезінген Жанар мен Дамир болашаққа да жақсы жоспарлар құрып отыр. Осы аяқ астынан біткен мал басын ақырындап көбейтсе, сөйтіп, шағын ферма ашып, халықты сапалы, балғын сүт өнімдерімен қамтамасыз етсе, осылайша, керек кезде қолдауына ие болған мемлекеттің дамуына өздері де шамалары жеткенше үлес қосса дегендей ойлары жоқ емес. Алдағы уақытта да осындай бағдарламаларды қалт жібермей қарап, мүмкіндік туып жатса мақсаттарына сай әрекет етуді жоспарға алған ерлі-зайыптылар тек адал еңбек қана алға жетелейтінін жақсы түсінеді. Барлығы уақыттың еншісінде…

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях