Елімізде коронавирус індетінің таралуына байланысты, медициналық маскалардың жетіспеушілігінің туындауына орай, ауданымыздағы «Азамат» ЖШС тігін фабрикасы бүгін 5 мың көп реттік бетпердені «РозаФарм» дәріханасына және 1500 бетпердені Жастар ресурстық орталығына тегін түрде тарту етті, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.
Аталмыш игі шара ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен елімізде «Жетісу адалдық алаңы» және «Адал көмек» жобасы аясында өткізілді. Оның барысында тігін фабрикасынан «РозаФарм» дәріханасына берген маскалардың жартысын волонтерлер аудан орталығына, «Қазпошта» мемлекеттік торабының аудандық бөлімшесі және сауда нүктелеріне тірліктермен келген жеке азаматтарға тегін таратты. Ал, үлестірілмей қалған бетперделер осы дәріханаға келетіндерге тегін беріледі. Сондай-ақ, Жастар ресурстық орталығына бөлінген 1500 бетпердені еріктілер түстен кейін округ тұрғындарына таратты. Мұнан бөлек, осы игі бастамаға атсалысу мақсатында жоғарыда атап өткен «РозаФарм» дәріханасының басшылығы өздерінен қосымша тағы 1000 бетпердені көпшілікке беретін болады.
«Азамат» ЖШС тігін фабрикасының директоры Арынғазы Қожабекұлының айтуынша, осы шара алдағы уақытта жалғасатын көптеген акциялардың тек бастауы ғана екен. Олар мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да бұл игі істерін жалғастыра бермекші.