Қазақстандық актриса Аружан Жазылбекова АҚШ-та «Ең үздік әйел рөлі» сыйлығын жеңіп алған. Бұл туралы актрисаның өзі Instagram желісінде жазып, жүлденің табысталған сәтінің фото жариялады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
«Синьхуа» агенттігінің берген мәліметінше, Қазақстан мен Қытай бірлесіп түсірген «Композитор» фильмі Лос-Анжелес (АҚШ) қаласында өткен төртінші кезекті «Golden screen awards» марапаттау шарасында жылдың «Ең үздік киносы», «Ең үздік музыка», «Ең үздік ер адам рөлі» және «Ең үздік әйел рөлі» сынды төрт номинация бойынша марапатталды. Айта кетерлігі, «Golden screen awards» шарасы «China Film Co Production» корпорациясы, «Hollywood Reporter» және «Америка кино» қауымдастықтарының қолдауымен 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. Шараның басты мақсаты – қытайлық және шетелдік кино студияның бірігіп түсірген үздік киноларын марапаттау. Еске салайық, «Композитор» фильмінің тұсау кесері ағымдағы жылдың 17 мамыр күні елордада өткен болатын. Аталған фильм әлемдік өнерге елеулі үлес қосқан Қытайдың танымал композиторы Си Синхайдың өмірі мен өнер жолына арналған. Туындада композитордың КСРО-да болған жылдары, қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовпен танысуы мен достығы көрініс тапқан. Картина екі ел арасындағы ынтымақтастық пен композиторлардың достығы туралы сыр шертеді. Фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және қытайлық «Shineworks Pictures», «China film coproduction corporation» компаниялары бірге түсірген.