АҚШ-тың ұлттық парктерді басқарудағы бай тәжірибесін зерделей отырып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақ туризмі» ұлттық компаниясы еліміздің үш ұлттық саябағында экотуризмді дамыту бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруда, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Осы жобаны іске асыру мақсатында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының туристік индустриясын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 14 тамызда компания төрағасы «Шарын», «Іле-Алатау», « Көлсай көлдері » сияқты ірі мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтарының басшыларымен бірлескен қызмет туралы екіжақты келісім жасасты. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мирзағалиев және Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.
– Қазақстанда ормандар мен алқаптар, таулар мен теңіз бар, сондықтан туристерді тарту үшін барлық мүмкіндікті пайдалану керек. Осыған орай ұлттық саябақтарда экотуризмді дамыту біз үшін ерекше маңызды міндет », – деді өз сөзінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мирзағалиев екі салалық құрылым басқаратын жобалар жақсы нәтиже беретініне сенім білдірді.
– Қабылданған шаралар тиісті деңгейде орындалуы керек. Экотуризмді дамыту басым бағыт болғандықтан, біз еліміздің туристік әлеуетін жылжыту үшін бірлескен ынтымақтастыққа дайынбыз, – деді Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мирзағалиев.
Бірлескен іс-шаралар қолданыстағы экожүйені сақтау мүдделерін ескере отырып, сапалы туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған инновациялық идеяларды, бағдарламаларды, жобалар мен технологияларды дамытуға, енгізуге және жылжытуға бағытталған. Бірлескен қызмет барысында халықаралық тәжірибелер мен тәжірибелерді енгізу үшін халықаралық сарапшылар мен ұйымдар тартылатын болады. Пилоттық жобаларды сәтті жүзеге асыру арқасында 2025 жылға қарай туристердің келуін жылына 1,3 млн туристтен 3,4 млн туристке дейін арттыру жоспарлануда. Бұл шаралар 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құруға және алдағы 5-7 жыл ішінде 100 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартуға мүмкіндік береді.