Ғұмырының қырыққа жуық жылын адам өмірін арашалауға арнаған Мериман апай биыл зейнеткер атанады. Таңдаған саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген кейіпкеріміз Қарасай аудандық орталық ауруханада медбике анестезиолог қызметін атқарып келеді. Осы орайда алпыс жасты алқымдаған ардагер дәрігермен жүзбе- жүз кездесіп, жақынырақ танысып, сұхбаттасқан болатынбыз…
«… Мен, Гусеинова Мериман Афендиқызы, 1959 жылдың 31 шілдесінде Әзірбайжан мемлекетінде дүниеге келіппін. Дәл осы жылы ата- анам Қазақстанға көшті…» – деп өткенді ойша бір шолып шыққан кейіпкеріміз әңгімесін одан әрі өрбітті.
Оның айтуына қарағанда, олар алғашында Қаскелең ауданы (қазіргі Қарасай), Жамбыл ауылына қоныс тепкен. Өзге елден келген күрд ұлтының өкілдерін қазақ отбасы қабылдаған. Қолындағы соңғы нанына дейін бөлісіп, жатар орынмен қамтамасыз етіп, қиын қыстау кезеңді бастан өткерген екі отбасының бүгінге дейін татулығы ажырамапты. Адамның шынайы келбеті басыңа іс түскенде анықталатыны секілді, бейтаныс елге келген Мериман апайдың жанұясын аталған қазақ отбасы далада қалдырмаған. Осындай даладай дархандығы мен кеңжүректігі үшін кейіпкеріміз бүкіл қазақстандықтарға алғысын білдіреді. Себебі, оларды бұл маңда ешкім ұлтына байланысты кемсітпеген және жергілікті жұртшылыққа сіңісіп, аяққа тұрғаннан соң, үй салып, өз алдына өмір ағысына ілесіп, ғұмыр кешкен. Ол зздеріне жасалған осынша қамқорлықты ешқашан ұмытпай, өмір бойы алғысын білдіріп келеді. Осы орайда «Көпұлттылық біздің кемшілігіміз емес, артықшылығымыз!» – деген Елбасымыздың келмел сөзі ойға оралады.
– Күрд халқы әлемнің түкпір- түкпірінде жүрген 40 миллионға жуық халық, – дей келе, кейіпкеріміз – олардың ең жақсы өмір жүріп жатқандары Қазақстандағылары! – деді ағынан жарылып.
Бүгінде Қарасай аудандық орталық ауруханасында медбике анестезиолог болып қызмет атқаратын білікті маманның бұл саланы таңдауын тереңнен іздеген жөн. Себебі, кішкентай кезінде атасы сырқаттанып, дәрігер шақырған. Ақ халаттылар келіп, емдеу шараларын атқарған соң едеуір тәуірлеген. Сол кездегі фелдьшер қызметіндегі азаматтарды сырттай бақылай жүрген. Олардың емделушірге жасаған қарым- қатынасы қатты ұнаған. Содан кейін кейіпкеріміздің көкейінде «дәрігер боламын» деген арманның ұшқыны жанған.
Бала күнінен зерек болып өскен Мериман Афендиқызы орта мектепті, артынан медучилищені үздік бітірген. Осылайша бала күнгі арманына кезең- кезеңімен қадам басып, жақындай түскен. Дегенмен, Алматы медициналық институтында білім алуға талаптанған жылы әкесі дүниеден өтіп, анасына, бауырларына көмектесу ниетімен Қарасай аудандық орталық аурухананың хирургиялық бөліміне мейірбике болып жұмысқа орналасқан. Он жылдық сапалы қызметін жоғары бағалаған әкімшілік Сызғанов атындағы хирургиялық- зертханалық институтына шеберлігін шыңдап, білімін арттыруға да жіберген.
Рустам есімді баласы мен Амина келінінен екі бірдей немере сүйіп отырған аялы ана, ардақты әжеден болашағы жайлы сұрағанымызда, бір сәтке шынайы өмірден алыстап, қиялына сүңги, армандарымен бөлісті. Оның аузынан алдымен еліміздің медицинасы жоғары деңгейде болса екен деген ақ пейілді сөзі шықты. Біздің дәрігерлер науқаспен емес аурудың алдын алумен көбірек айналысса деген тілегін де жасыра алмады. Қазақстан жастары сауатты болып, тату- тәтті ғұмыр кешсе. Елімізде әрдайым тыныштық болса…
Осылайша ақ жарма сөздерімен көңілімізді қуанышқа бөлей бергенде, кенеттен шырылдаған ұялы телефон дыбысы әңгімемізді бөлді. Тұтқаны қоя салған Мериман Афендиевна ота жасау бөлмесіне еніп кетті.