Елімізде жол бойларында тұратын құны 23 миллион теңгені құрайтын дәретханалар орнатыла бастады. 2022 жылға дейін 304 осындай нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Ұлттық оператор мен ҚР Индустрия және инфрақұрылым министрлігінің Автомобиль жолдары комитетімен бірлесіп, 2022 жылға дейін демалыс орындарында 304 санитарлық-гигиеналық дәретханалардың (SSU) құрылысын салу бағдарламасын әзірлеп, оны бекітті. Қазіргі уақытта 14 санитарлық-гигиеналық қондырғыларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Атап айтар болсақ, осындай бір қондырғы Щучинск-Зеренді тас жолында, 11-і Нұр-Сұлтан-Павлодар, Жетібай-Жаңаөзен, Қарағанды айналма жолдарында орнатылып жатыр. Алдағы уақытта аталмыш қондырғының екеуі Шымкент-Тараз тас жолында қойылатын болады.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бұл жобаны бастамас бұрын демалыс аймақтарын дайындау, электр қуатымен қамтамасыз ету және ұңғымаларды игеру жұмыстарын жүргізді. Ал, электр қуаты жетіспейтін жерлерде баламалы энергия көздерін орнату қарастырылған.
Дәретханалардың жаңа түріне вакуумды шайу жүйесі, күн электр станциясы және басқа да «жасыл технологиялар» енеді. Санитарлық қондырғылар құрылғысы инвестордың есебінен жүзеге асырылады деп күтілуде. Сонымен қатар, бес жыл бойы аталмыш дәретханаларда үздіксіз қызмет көрсетілетін болады.