Қазақстан халқы Ассамблеясының 33 сессиясы қарсаңында кездесу өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясының 33 сессиясы қарсаңында кездесу өтті

Жақында елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының 33 сессиясы өтетін болады. Осыған орай Қонаев қаласында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті. Жиын барысында өңірдегі тұрақтылық пен этносаралық мәселелер қаузаланды, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.

Отырыста Марат Елеусізұлы ҚХА 29 жылдан бері елдегі бірлік пен келісімді нығайтуға қызмет етіп келе жатқанын, сондықтан оның рөлі маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, ҚХА-ның соңғы сессиясынан бері облыста ай сайын Ассамблея мүшелерімен өзекті этносаралық мәселелер бойынша кездесулер өткізіліп келеді. Келісімнің арқасында ел экономикасы дамып, азаматтардың әлеуметтік жағдайы жылдан жылға жақсаруда дегенмен, назар аударуды қажет ететін бірқатар мәселелер бар. Сондай-ақ Ассамблея мүшелерін тарта отырып, ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу жұмыстарын жүргізу керектігін баса айтты.

Мұнан кейін жиында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсел Жалғасбаева сөйлеп, этно бірлестіктердің аккредиттеуден өту мәселесі жөнінде біраз сұрақтың бар екенін тілге тиек етті. Мәселен Алматы облысында 105 этнос өкілі тұрады. 38 этномәдени бірлестік бар. Заң жүзінде олардың санына шектеу жоқ. Дегенмен бір этнос бірнеше бірлестікті құрған жағдайларда кезігеді. Сондықтан осыған байланысты жұмыстарды жүйелеп, бірлестіктерді тіркеу кезінде кездесетін кедергілермен жұмыс жасау керектігін айтып өтті.

– Жалпыұлттық келісім мен патриотизм идеяларын насихаттау мақсатында жыл басынан бері 100-ге жуық іс-шара өткізілді. Түрлі этномәдени топтардың қызметін үйлестіру жұмыстары жүргізілуде. Ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында танымдық дәрістер мен бейнероликтерді қамтитын сегіз миллион теңгелік жоба іске қосылды. Облыста 26 медиаторы бар 18 медиация алаңы жұмыс істейді, бұл туындауы мүмкін жанжалдарды шешуге және қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар тегін кеңес беру үшін ашық есік күндері тұрақты түрде өткізіліп тұрады, – деді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Бұған қоса Әсел Жалғаспаева қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының мәліметі бойынша, аймақтағы жағдай тұрақты екенін және мұны респонденттердің сауалнамалары растап отырғандығын жеткізді.

Кездесу барысында аудан әкімдері мен Дін істері басқармасының өкілдерінің де осы жағдайға байланысты көзқарастары тыңдалды. Олардың айтуынша, ҚХА тұрғындар арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты сақтауға белсенді түрде ықпал етеді, бұл маңызды іс-шаралар мен жобаларды ұйымдастыру арқылы көрінеді.

Жиынды қорытындылаған Марат Сұлтанғазиев әкімдер алдында сөз сөйлеп, этномәдени бірлестіктерге отыратын арнайы орындар бөліп, олардың үйірмелер ашу, би-ән ансамбльдерін құру секілді бастамаларына қолдау көрсету керектігін айтты.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях