Жетісу жеріндегі жақсы жетістіктер жалғаса береді

Жетісу жеріндегі жақсы жетістіктер жалғаса береді

Жетісу – аграрлық саланың негізінде өзіндік даму жолын айқындаған, жыл санап өркендеп келе жатқан өңір. Оған қалаларда қарқын алған құрылыстар, жаңадан қанат жайған өндірістік аймақтар, инфрақұрылымы нығайтылып, көркейіп келе жатқан елді мекендер нақты дәлел бола алмақ. Бұл жүйелі жұмыстарға облыс әкімі А.Баталовтың еліміздегі ең үздік облыс әкімі болып танылуы және Елбасының оны мақтап қана қоймай, өзгелерге үлгі етуі әбден лайықты баға екендігі даусыз.

Осы аптаның сәрсенбісінде, облыс орталығындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында жиналған жұртшылық алдында есеп берген өңір басшысы Амандық Баталов ширек ғасыр шеңберінде егемендік еншімізге бұйыртқан және өткен бір жыл көлеміндегі қол жеткізілген жетістіктерді жіпке тізгендей етіп баяндап, алдағы күнге межеленген маңызды міндеттерді Елбасының жақында ғана жарияланған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауымен сабақтастыра отырып жеткізді. Ал, бұл алқалы жиынға ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жайсаң Ахметов Астанадан арнайы ат арылтып келгенін де айта кеткен жөн.

Облыс әкімінің есебінен белгілі болғандай, былтыр ел көлемінде ерекше аталып өткен Тәуелсіздіктің 25 жылдығын жетісулықтар да толайым табыстармен қарсы алған. Осы кезеңде облыс халқы 300 мыңнан астам адамға көбейіп, екі миллионға жақындаған. Өнеркәсіп өндірісінің, ауыл шаруашылығының, шағын және орта бизнестің көлемі еселеп артып, 8 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй, 700-ге жуық әлеуметтік нысан іске қосылған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Алматы – Талдықорған» ірі автомагистральдары, «Жетіген –Қорғас» теміржолы салынған. Келешекте 100 мың халқы бар жаңа қала пайда болады деп жоспарланған «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Әрине, осындай ірі жобалардың жүзеге асуына «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары тірек болып отырғаны анық. Ал, былтырдың өзінде ғана аймақтық азық-түлік жалпы өнімінің көлемі 2 трлн.-нан асып, инвестиция көлемі 529 млрд. теңгеге жеткен. Болашақта шетелдік ірі компаниялардың облыс аумағында өз жобаларын жүзеге асыруы бойынша, қосымша 112 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1,5 мың жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің кәсіпкерліктің дамуына үлкен үлес қосатыны белгілі. Өткен жылы өңір бойынша, жалпы қаржы көлемі 2,1 млрд. теңгені құрайтын осындай 8 жоба жүзеге асса, биыл 21 млрд. теңгенің 11 жобасын қолға алу жоспарда бар. Оның қатарында 3 балабақша және біздің ауданымыздағы «Көкөзек» қосалқы стансасының бар екені қуантады. Сонымен қатар, Елбасының «аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» деген міндетіне қатысты Амандық Ғаббасұлы облысымыздың республикадағы ауылшаруашылығы өніміндегі үлесі 16 пайыздан асатындығын алға тартып, осы саладағы ерекшелігіміз болып табылатын қант қызылшасының егістігі екі жылда 6,5 мың гектарға жеткізілгендігін айтты. Жүгері егістігі де үш жылда 9 мың гектарға артқан екен. Ал, биыл ауданымыздағы «АзияАгроФуд» крахмал-сірне зауытын жаңғырту арқылы жүгері өңдеу деңгейін 45-тен 60 пайызға арттыру жоспарлануда.

Жалпы, қай салада болмасын ілгері тартқан, ілкімді алға басқан істер жетерлік. Оның барлығы да нақты деректермен дәйектеліп, егжей-тегжейлі өңір басшысының баяндамасына арқау болды. Сөзінің соңын жалпы Жетісу жұртшылығын ерінбей еңбек етіп, алға қойған мақсаттарға бірге жетуге шақырған Амандық Ғаббасұлының есебіне жарыссөзге жазылғандар бірауыздан халық атынан қанағаттанарлық баға берді. Сонымен қатар, өз өтініш-тілектері мен ұсыныстарын білдірген көпшілік газдандыру, жол, мектеп салу, мамандарды баспанамен қамту, мұғалімдер мен дәрігерлерге жағдай жасау, саяжайларды дамыту мәселелерін сөз етті. Облыс әкімі барлығын мұқият тыңдап, толыққанды жауаптар қайтарып, барлық мәселе кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Мұнда ауданымызға қатысты екі сұрақ қойылды. Бірі – «Асыл Арман» тұрғын үй кешенін жайлаған жағымсыз иіске, екіншісі – Елтай округіне қарасты Береке ауылындағы жекенің қолына өтіп кеткен мәдениет үйін ауыл жастарының игілігіне қайтарып беруге қатысты болды. Амандық Ғаббасұлы алғашқысы бойынша, тиісті жұмыстар қолға алынып, келіссөздер жүргізіліп жатқандығын, алдағы жылдары бұл мәселе түбегейлі шешілетінін тілге тиек етсе, соңғысы бойынша, аудан әкімі Махаббат Бигелдиев аталған сұраққа қатысты нақты шаралар қолға алынып, мәдениет үйінің қазіргі иесімен өнер ордасын сатып алу жөнінде ымыраға келгендіктерін мәлімдеді. Өз кезегінде өңір әкімі қажетті қаражат бюджеттен қарастырылатынын, нысан сатып алынатынын жеткізді.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях