Әжелер ақыл айтады

Әжелер ақыл айтады

Sorry, this entry is only available in Орыс Тілі.

Шаңырақ шаттығының ұйытқысы, отбасы тыныштығының қорғаны саналатын ақ жаулықты әжелеріміздің ауырлықтың ащы, қиындықтың кермек дәмін тата жүріп өткен өмір жолының өзі бір мектеп. Сондықтан да олар қолда бардың қадірін өзгелерге қарағанда жақсы біледі, сол себептен де олар жалқаулыққа жатырқай, еңбек еткенге елжірей қарайды. Жақында ғана редакциямызға құшақ толы қағаздарын көтеріп, «Шырақтарым, мен осы ғұмырымда көңіліме түйіп, көкейге сыйдырған көп нәрсемді, бар білгенімді кейінгі ұрпаққа аманат еткім келеді…» – деп шын ниетін арқалап, жүздің жоқ дегенде бірінің керегіне жарар деген үмітін үкілеп, ақыл-кеңесін жазып алып келген ақ жаулықты кейуананың әрекеті жан сүйсінткені рас. Жасы жетпістен асса да әлі ізденіс үстінде жүргендігін жеткізген үшқоңырлық Чалкарова Мейрамкүл апамыздың бұл оңды ойына біз де қолдау білдіру мақсатында, ара-тұра пайдалы жазбаларын оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

Олай болса, Мейрамкүл ападан ұсынылатын алғашқы кеңес дәл қазіргі уақытта маңыздылығы бар соғымға байланысты болмақ.

Жалпы, соғым деген не? Ол – қазақ халқының бұлжымас салты немесе қыстық азық-түліктің мол қоры. Ешкінікі – «бір қуырдақ», «қойдың еті – қоянның еті» деп, құлын-тайды «бір асым етке» балайтын бабаларымыз, соғымға ірі қара, яғни, сиыр мен жылқы малын семіртіп дайындаған. Тананы күзгі соғымға жаратқан қазекең жаман су ішпейтін, арам шөп жемейтін, майы суықта қатпайтын, сорпасы тұла бойыңды қыздырып, бет-жүзіңе қан жүгіртетін жылқы малын – нағыз соғымға баптаған . Қазіргі кезде заманның ыңғайына сай көп адам қорасына төрт түлік байлай бермейді. Ал, тұтынатын етін әдетте жіліктеп сатып алып жатады. Дайындап, бөлініп қойған жіліктің ішіне де әсіресе жас отбасылар мән бере қоймасы анық. Алайда, шын мәнінде ол қалай болуы керектігін біле жүрген артықтық етпес. Яғни, малды сойған соң, етті бөлмей тұрғанда, мойын етінен, бауырдан, бүйректен, жүректен, бауырдың көк етінен аздап алып қуырдақ жасайды. Жылқы еті түгелдей, он екіге теңдей бөлінуі керек. Нақты айтқанда: жамбас – 2 болады, ол 2-ге бөлінеді, сонда – 4. Жауырын, кәріжілік, қолжілік, тоқпанжілік, асықтыжілік те солай. Барлығы – 24.

Бір жілікте мыналар болады: жамбас + кәріжілік, мойын еті, қолдық еті, мойыномыртқа, сан еті, ұзыномыртқа, беломыртқа, қолқабырға, бұғанақабырға, төс, қазы-қарта, жал-жая, өкпе-бауыр, ішек-қарын, жүрек, бүйрек, шеміршек, іш май. Тек, кейінгілерінде бірінші тұрған жілік түрі жамбас+жауырын, тоқпанжілік+кәріжілік, асықтыжілік+қолжілік, тоқпанжілік+қолжілік, жауырын+тоқпанжілік, жамбас+қолжілік, жауырын+асықтыжілік, жамбас+кәріжілік, кәріжілік+асықтыжілік болып өзгеріп отырады. Тек құймышақ қана бөлінбейді, оны қасапшы алады.

Қазақтың салтына сай,  қасапшы шебер әлі адал болуы керек. Жіліктерді теңдей бөлмеу – біреудің ақысын біреуге жіберу болып саналмақ.

Сонымен қатар қолүздік деген бар. Яғни, жілікті бөліп біткен соң жағдайы төмен отбасына әркім өз үлесінен аздаған ет береді.

Алдағы уақытта соғымның қазысы туралы бөлек сөз қозғайтын боламыз.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях