Республикалық бәсекеге жол ашатын киокушинкай-кан каратэден «Kaskelen Cup – 2017» біріншілігі де өз мәресіне жетті.
Алтын ауыл орта мектебінде аудандық әкімдік пен Ұлттық республикалық киокушинкайкан каратэ федерациясының қолдауымен ұйымдастырылған спорттық іс-шараға 5-15 жас аралығында еліміздің барлық ірі қалаларынан 14 спорт клуб спортшылары бақ сынасты. Ақтауда өтетін республикалық сайысқа қарасайлықтар да лайықты екенін танытып, біріншілікте командалық есепте 2-орынды «Батыр бала» спорт клубы қанжығасына байлап, жолдама алды. 250 каратэшінің басын қосқан бұл дүбірлі додада 6 жерлесіміз, атап айтсақ, Нұргүл Алымбекова, Нұрболат Ерболат, Денис Степанов, Дария Степанова, Бекзат Ахан және Мирас Ізбасаров алтын медальді жеңіп алып, мықтылардың қатарынан көрінді. Сонымен қатар, бұл игі іс-шараның құрметті қонақтардың қатарында Астана қаласының киокушинкай-кан каратэ филиалының басшысы Дәурен Жеңіс, Алматы облысы киокушинкай-кан каратэ филиалының құрметті президенті Қуат Халманов пен аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Серік Қамзанов болып, жас каратэшілер өнерін тамашалап, ризашылықтарын білдірді.