«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы облысы бойынша филиалы – «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» Департаментінің құрылымдық бөлімшелері өткен жылдың желтоқсан айында азаматтардың зейнетақы және жәрдемақы төлемдерін қайта есептеу жұмысын аяқтап, жаңа жылдан бастап олардың төлемдері жаңа көлемде жүргізіле бастады. Әлеуметтік төлемдерді есептеуде қолданылатын базалық көрсеткіштер республикалық бюджетпен бекітілді.
Сонымен, 2017 жылдың 1 қаңтарынан белгіленген көрсеткіштер төмендегідей:
- Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 2 269 теңге;
- Төменгі зейнетақы төлемі – 28 148 теңге;
- Төменгі күн көріс деңгейі (ТКД) – 24 459 теңге;
- Базалық зейнетақы төлемі – 12 802 теңге;
- Төменгі еңбекақы мөлшері – 24 459 теңге;
- Тағайындалатын зейнетақы мөлшерін есептеуде есепке алынатын ең жоғарғы табыс – 41 АЕК (93 029 теңге).
2017-2019 жылдарға арналған бюджетке сәйкес, міндетті зейнетақының мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 9%-ға көтерілді, мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен тағы да 11%-ға ұлғайтылады. Мысалға алып қарағанда, егер зейнетақы мөлшері 2016 жылы 40 000 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 9%-ға арттырылып, 43 600 теңгені құрайды. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы 11%-ға ұлғайтылып, жалпы мөлшері 48 396 теңгеге теңеледі. Осылайша, 2017 жылы міндетті зейнетақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға өседі.
2017 жылға дейін тағайындалған жасқа байланысты зейнетақы мөлшері 9% дейін көтерілді. Зейнетақының басқа бөлігі, яғни, базалық – 2017 жылы 12 802 тенгеге тең, ол төменгі күн көріс деңгейінің 52% құрайды.
Айта кетсек, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі дегеніміз, бұл – белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанда жеке тұлғаларға уәкілетті ұйымнан берілетін ай сайынғы ақшалай төлем және ол бюджет қаражаты есебiнен қарастырылады. Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемi зейнетақы төлеу орталығынан, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерiне, сондай-ақ, мүгедектiгi бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алуына қарамастан беріледі.