Санаулы күндер бұрын ғана өз мәресіне жеткен қысқы Универсиада ойындарының сәнін арттырып, оған қатысушылар киген киімдерді ауданымыздың Іргелі ауылдық округінде орналасқан «Алтын жұлдыз»
тігін фабрикасы тіккенін екінің бірі біле бермейді. Сапасы мен салмағына деген жауапкершілігі зор тапсырысты өнеркәсіп орны 45 күн ішінде толықтай орындап, төрт үлгідегі 5000-нан астам арнайы форма дайындаған. Олардың қатарында ұйымдастырушылардың, еріктілер мен төрешілердің киім үлгілері бар. Әр форманың өзі күртеше, шалбар, бас киімнен және аспалы сөмкеден құралып, сапалы матадан әзірленген екен. Киімдердің дизайны ұлттық ою-өрнекпен безендірілген. Сондай-ақ, Универсиада мен ЭКСПО көрмесінің эмблемасы да, көк байрағымыздың белгісі де жабыстырылған. Дизайнерлер, киім түсіне де ерекше мән беріп, қазақ даласының жазира жазығында кездесетін сары, ақ, жасыл, қызыл түстерді таңдаған. Аталған фабрика директоры Жанат Алтынқадыстың айтуынша, алдымен халықаралық спорт сайысын ұйымдастырушылармен ақылдаса отырып, үлгілері таңдалып алынып, іс бірден қарқын ала басталған.
Қосымша мәлімет бере кетсек, «Алтын жұлдыз» ЖШС-нің жалпы көлемі 1 га жерді алып жатыр. Мұндағы 7000 шаршы метр аумақтағы ғимараттың 2300 шаршы метр бөлігіне тігіншілер жайғасқан. Өндіріс қуаттылығының көлемі жылына 300 мың арнайы киім комплектісін шығаруға есептелген, 120 ісмері бар фабирка негізінен еліміздегі ірі құрылыс компанияларының жұмысшыларына және құқық қорғау, денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арналған формаларды тапсырыспен он жылдан астам уақыттан бері тігіп келеді. Қазірдің өзінде Қазақстанның түгелдей дерлік өңірлерімен тұрақты іскери қарым-қатынас орнатқан серіктестік шетелдік компаниялармен де байыпты байланыстан ажырамайтын көрінеді. Осылайша, отандық өндіріске қомақты үлес қосып отырған тігін фабрикасы бүгінгі таңда Екібастұздағы «Богатырь – көмір» шахтасынынан түскен тапсырысты орындауға, яғни, 2600 дана қысқы, 5000 дана жазғы жұмысшыларға арналған киімді бір айда тігіп шығаруды жоспарға алып, іске қызу кіріскен.