Кішкентай «жұлдыздар» үшін үлкен мүмкіндік

Кішкентай «жұлдыздар» үшін үлкен мүмкіндік

Sorry, this entry is only available in Русский.

Әдетте, біз естіп жүрген танымал әндердің орындаушысына ғана назар аударамыз. Ал, сол шығарманы жаныңа жақындатып, көңіліңнің бір түкпірінен орын алатындай етіп жөндеп, тыңдарман жүрегіне жол ашатын өңдеушінің (оранжировщик) бар екенін ескере бермейміз. Міне, Қуаныш Құрманбаев дәл осындай өзі көзге көп түспесе де, Алланың берген дарыны мен ерекше еңбекқорлығының арқасында тынысын ашқан тың дүниелері, яғни, әсем әндері ел ішінде айтарлықтай танымалдықты еншілеген тума талант иесі. Олай деуіміздің де жөні бар. Өйткені, ол 13 жасынан бастап сазгерліктің қыр-сырына қанығып, арнайы музыкалық білім алмаса да мықты кәсіби шеберлігімен өнер әлемінде ойып тұрып өзінің орынын айқындаған азамат. Осыдан 15 жыл бұрын қабілет-қарымына сырттай қанық болған Таңат Мамырхан, Қайрат Жәнібеков сынды ағалары оны туып-өскен Түркістанына барып іздеп, тауып Алматыға алып келіп, жарқын болашағына жол ашқан екен. Ең алғаш Асқар Жүнісбековтың орындауындағы «Толғанай», Ақбота Керімбекова айтатын «Ұстазым» әндерін әдемі әрлеген Қуаныштың қызметіне жүгінушілер қатары арта берген. Әрине, олардың барлығы болмаса да басым бөлігі қазақ эстрадасының бүгінгі жарқын жұлдыздары. Бұл ретте, олардың барлығын тізбектеп айтпасақ та, жақсы танымалдыққа ие Ернар Айдардың біз сөз етіп отырған сазгердің төл шәкірті екендігін атап кеткеннің артықтығы болмас.

Енді, өз бойына жиған білік, білімін өскелең ұрпаққа үйретіп, ән әлеміне жасқана қадам басқан жастарға аға ретінде жол сілтеуді жөн көрген Қуаныш Құрманбаев жары Қарлығашпен бірге биыл ауданымызда жеке өнер мектеп-студиясының негізін қалаған еді. Бүгін, қазіргі оқушыларының саны 50-ге жеткен, екі ай сайын атақты әншілер келіп дәріс беретін осы студияның лентасы салтанатты жағдайда қиылды.

Бұл күні аудан әкімі Махаббат Бигелдиев те мәдениет жанашыры әрі қолдаушысы ретінде көпшілік ортасынан табылып, композитор Бағлан Омаров, әнші Саят Медеуов, тағы да басқа сахна саңлақтарымен қатар Қуаныштың шаттығын бірге бөлісті. Жиналғандар алдында елеулі оқиғаға орай жылы тілектерін жеткізіп, орамды ойларын ортаға салған ел ағалары ең алдымен салтанат иесінің саз әлеміндегі өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгергенін сөз етіп, еңбекқорлығы мен қарапайымдылығын әңгімеге арқау етті. Студияның Қаскелең қаласында ашылуы біздің қарасайлық жас дарындардың өнерге деген талпынысын арттырып, қанатын қатайта түсетініне сенім білдіріп, төрт сыныпқа топтастырылған үш пен отыз жас аралығындағы қатысушыларға қызмет көрсететін он адамнан құралған ұжымға сәттілік тіледі.

Өз кезегінде жас та болса бас болған ұстазына деген ыстық ықыласымен әдейі келген Ернар Айдар, сазгердің өңдеген әндерін орындап ел сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген «Меломен» тобы танымал туындыларын тамылжыта орындаса, олардың ізін жалғаудан үміті өнер мектебінің шәкірттері де ағаларынан қалыспай ортаның шырайын арттыра түсті.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях