«Харекет» әрекетке шақырады

«Харекет» әрекетке шақырады

Sorry, this entry is only available in Орыс Тілі.

Омар Жәлелұлы – дінтанушы, тарихшы, әдебиетші, ең бастысы «Абайтанушы» ретінде кеңінен танымал. Ол Абай, Шәкәрім және М. Ж. Көпеев сынды қазақтың кемеңгер ойшылдары қалдырған мұраларды зерттеп, жалпақ тілмен көпшілікке насихаттап жүрген ұстаз. Кеше ол Қаскелең қаласындағы Сулейман Демирел университетіне келіп, студенттермен, оқытушылармен кездесті. Бұл жиынның өтуіне жақында ғана монаграфия түрінде жарыққа шыққан «Харекет» кітабы себеп болды. Осы мүмкіндікті пайдаланып «EDTECH» халықаралық білім орталығының бас директоры Ғани Бейсембаев, әнші, композитор, өнертанушы Ерлан Төлеутай және аталған еңбектің авторы арнайы уақыт бөліп, оқу орнының жастарымен жүздесті.

Басқосу барысында Абай атамызды рухани ұстаз тұтқан ағамыз әр сөзін бабалар мирасымен көркемдеп, көңілдегі күмәнді сейілтуге тырысты. Ұлттық рухымызды тіктеп, ана тілімізді құрметтеп, ата- бабамыздың ізімен жүруге шақырды.

Бүгінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұстаздық қызмет атқарып жүрген Омар Жәлелұлы ұлтымыздың кешегісі мен бүгінін тілге тиек етіп, ғибратқа толы әңгімесін өрбітті. Өз кезегінде студеттер де белсенділік танытып, көкейде жүрген сауалдарын қойып, қанағаттанарлық жауап алды.

Ұлттық құндылығымыздың ажырамас бөлшегіне айналған қара домбыра да шертілді. Қос ішекті күмбірлете тартқанда жиналған қауым рухани ләззат алып, «бәрекелдіге» басып Ерлан ағаға деген қошеметтерін де аямады.

Жастарды еңбекқорлыққа, ізденімпаздыққа, Абайша айтсақ «мал табуға (капитал)» үндеген, ұйқыдағы сананы оятуды мақсат еткен ұйымдастырушылар өз дегеніне жетті деуге негіз бар. Әдеттегідей, естелік суреттер, автордың қолтаңбасымен кітаптар да сатылымға түсіп, кездесуге мұрындық болған Сулейман Демирел университетінің оқытушысы  Ақбота Абиыр қонақтарға алғыс білдіріп жиынды жақсы қорытындылады.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях