Ғашықтықты білдіру үшін арнайы күн керек пе?

Ғашықтықты білдіру үшін арнайы күн керек пе?

Бұрындары ақпан айының 14-ші жұлдызы сырт мемлекеттерден бөлек, елімізде де елеусіз қалмайтын. Себебі, махаббат мейрамы ретінде ұлықтап, осы күні жастар жағы жүрек пішіндес ашық хаттарын жанына жақын жандарға сыйлық ретінде ұсынуды әдетке айналдырған еді. Тіпті, кейбір ғашықтар жылдың осы тәулігін өз іңкәрліктерін ашық білдірудің таптырмас кезеңі ретінде түсініп, қыстың ызғарлы суығын ыстық сезіммен жылытатын. Ал, қазір ше? Тоқыраумен есте қалған тоқсаныншылардан тойлана басталған Әулие Валентин күніне қарағанда, екі-үш жыл бұрын ғана белгіленген Қозы Көрпеш – Баян сұлу күніне қазақстандық жастардың аңсары ауды ма? Жалпы, сезіміңмен біреуді селт еткізу үшін арнайы мереке қажет пе? Осыған орай, karasayinfo.kz ақпараттың порталының тілшісі аудан жастарының аталмыш мереке турасындағы ойын біліп, сұхбаттасып көрген еді.

 

Гүлжайна Әбдушәйіт, студент:

    • Мен үшін бұл күн маңызды емес, бірақ атап өтуге қарсы емеспін. Мүмкін әлі сүйіктім болмаған соң шығар. Егер болса, тойлайтын едім.
Гүлмира Құдайбергенова, 18 жаста:

  • Валентин күнін өз басым мейрам деп ойламаймын. Бұл еуропалықтарға тән мереке. Қазақстанда тек ғашықтар тойлайды. Негізінде 15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнін жастарға көп насихаттау керек.
Бакир Мұстафаев, 20 жаста:

  • Шындығында бұл күн маған бір ерекше әсер бермейді. Қарапайым күн болып өтеді. Қазіргі кезде достарыма қарасам бұл күні тек бір-біріне сыйлық сыйлау үшін тойлайтын көрінеді. Құдды басқа күні сыйлық берген күнә сияқты. Махаббатыңды білдіру үшін арнайы күннің қажеті жоқ шығар деп ойлаймын негізі.
Абухаир Зайдуллаев, мектеп түлегі:

  • Менімше бұл керемет мерекелердің бірі. Егер, әрине, ғашық жаның болса. Бұл күнді тойлау менімше ешқандай жаман әрекет емес. Өйткені, бұл күні жастар бір-біріне жасырын сезімдерін білдіріп, өмірлеріне қуанышты сәттер сыйлай алады. Ал, Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні болса, осы Валентин күнін ұмыттыру үшін ойластырылған. Расында екі мейрамның да маңызы бір. Тек, біз оны өз менталитетімізге сәйкестендіруіміз қажет. Сондықтан да бұл өте құптарлық іс деп санаймын. Жалпы, мейрамның көп болғаны жақсы ғой!
Қаһарман Рузиев, Ян Дорман,  3-курс студенттері:

  • 14 ақпанды тойлау – қазақтарға жат нәрсе деп ойлаймыз. Бірақ, ол дәстүр бізде бұрыннан қалыптасқанын мойындау да керек. Негізі, Қазақстанда ғашықтар күні 15-сәуір деп белгіленген. Сондада осы Валентин күнін атап тетіндер арамызда аз емес. Ондай қатарластарымызды патриот болуға шақырамыз!
Айтбай Темірлан, Арнат Жарқынбек, Нұрсұлтан Түгембай, Қуаныш Ержігітов, 9-сынып оқушылары:

  • Біздің бұл мейрамға қарсылығымыз мүлдем жоқ. Тарихын да естігенбіз. Тойлайтындар тойлай берсін. Ең бастысы өзіміз әр жылы мектепте Валентин күнін емес, қазақи Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнін ғашықтар мерекесі ретінде қабылдаймыз. Жалпы, ұлттық әдебиетіміздегі ғашықтар туралы дастандар керемет қой! Тек, олардың қайғылы аяқталып жататыны ғана өкінішті…
Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях