9 ақпан – қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Осыған орай бүгін аудан орталығы – Қаскелең қаласындағы Алтын ауыл орта мектебінде «Мен поэзияға ғашықпын!» атты әдеби-сазды кеш өткізілді.
Кеште аталған білім ұясының жас ұстаздары, оқушылары және Қаскелең мәдениет колледжінің осы жерден тәжірибеден өтуге келген студенттері Мұқағалидың балалық, жастық шағы, шығармашылық жолы, ақындық асқар биігі, адами асқақ бет-бейнесі жайында сахналық көрініс қойды. Оның барысында, сондай-ақ, ақынның алапат сезімді өлмес, өшпес өлеңдері оқылып, мазмұнды, мағыналы сөзіне жазылған әсем де әдемі әндер әуеледі.
Сонымен қатар «Мұқағали Мақатаев – ғасыр ақыны» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, сахна төріндегі экраннан ғибратқа толы ғұмыры мен отбасы және достары туралы тарихи суреттер көрсетіліп тұрды.
Кеште ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев, келіні, М.Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қордың директоры Бақытгүл Айдарова, ақынның жерлес інісі, ұстаз Елеусіз Ахметкерімұлы, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, белгілі әнші Тейіп Бейсенбеков және т.б. сөз алып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Жұлдыз әкесі жөнінде толғана сөйлеп, оқушылардың көптеген сұрақтарына жауап қайтарды, осындай тамаша кеш өткізген мектеп басшылығы мен ұжымына ақтарыла алғыс айтты. Бақытгүл болса мектепке атасының кітаптарын сыйға тартты.
Мұқағали сынды ұлтымыздың ұлы тұлғасының рухына деген үлкен құрметтің бедерлі белгісіндей болып, жас ұрпақтың жүрегіне жарық-нұр ұялатқан керемет кеш үшін мектеп директоры Гүлмира Иманбаева мен педагог-ұйымдастырушы Бекнұр Иманқұловқа жиналғандар барынша ризашылық білдірді.