Бүгін аудан әкімі Махаббат Бигелдиев Ұмтыл ауылдық округінде болып, осындағы Алмалыбақ ауылында орналасқан дарынды балаларға арналған әл-Фараби атындағы үш тілде оқытатын арнаулы гимназияда ауыл тұрғындарымен жүздесті. Ондағы мақсат – бұған дейінгі жергілікті халықпен кездесу барысында көтерілген осы округтегі шешуді талап ететін түйткілді мәселеге айналған қатар тұрған қос мектептің оқушыларын тасымалдау кезінде туындайтын көлік кептелісін жою, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ғабибуллин көшесіне тротуар салу, арнайы жол белгілерін қою сияқты ұмтылдықтардың ұсынысын ұмыт қалдырмай, нақты шараларды қолға алуды қарастыру еді.
Алдымен, Махаббат Садуақасұлы өзінің орынбасарларымен, елді мекеннің инфрақұрылымына қатысы бар тиісті бөлім басшыларымен және оларды қарсы алған округ әкімі Ришат Құлыншақов бастаған ауыл активімен бірге көптің наразылығын туғызып отырған көшені жаяу аралай жүріп, ақсақалдардың ойын сұрап, мамандардың пікірін тыңдады.
Әрі қарай бұл мәселе 25 жылдық тарихы бар білім шаңырағының жиынжайында бас қосқан көпшіліктің алдында талқыға салынды. Ауыл белсенділері бұл түйткілдің түйінін шешуге байланысты бірнеше нұсқаларды назарға ұсынды. Мысалы, Алмалыбаққа кіретін орталық Ерлепесов көшесімен келіп мектепке бұрылатын Ғабибуллин көшесін кеңейту, тротуар салу, оның шетіне темірден жиек қою, көлік қоятын тұрақтар жасау, сол жерден әрі, оңтүстікке, сайға қарай жол жасау сияқты ұсыныстар айтылды. Барлығын мұқият тыңдап, мән-жайға жақсы қаныққан аудан әкімі Махаббат Бигелдиев сол жерде бірінші орынбасары Нұрсұлтан Жұмәділ жетекшілік ететін, құрамына округ әкімі, аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері, ата-аналар, мектеп-гимназия директорлары кірген, жұмыс тобын құрды. Олар енді дарынды балаларға арналған әл-Фараби атындағы үш тілде оқытатын арнаулы гимназияда мен Алмалыбақ мектеп-гимназиясының оқушылары сабаққа келетін немесе үйлеріне қайтатын уақытта осы жерде болып, жағдайды өз көздерімен көріп, нақты қандай шараны қолға алу керектігін ақылдаса отырып анықтап берулері қажет. Ол үшін жұмыс тобына бір апта уақыт берілді.