Қаржылық сауаттылық деңгейін арттырмай, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мүмкін емес. Олқы тұстардың орнын толтыру мақсатында бүгін Қаскелең қаласында орналасқан «AMANAT» партиясыны аудандық филиалының ғимаратында республикалық «Ұлы дала» ауыл бизнесін дамыту ассоциациясының маманы аудан тұрғындарына тренинг өткізіп, отбасындағы қаржыны қалай тиімді жұмсау керектігін түсіндірді, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Нақтырақ айтқанда, шара барысында қатысушылар өз қаржысын тиімді басқаруды және шығындарын оңтайландыруды, қаржылық мәселелердің қалай туындайтынын, несиелік қарыздар санын азайтудың жолдарын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтауға болатынын үйренеді. Ал ісін жаңадан бастағысы келетін кәсіпкерлер компания бюджетін қалыптастыру тәртібі, салық есеп-қисабын ұсынуды және мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша қаржыландыру шарттары туралы құнды ақпарат алады.
Сонымен қатар қатысушылар түстен кейін «Ұлы дала» ауыл бизнесін дамыту ассоциациясының эксперті өткізетін консултацияларға қатысып, өздерінің жеке мәселелері бойынша көмек алды.
Айта кетерлігі, бұл жұмыстар «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank бірлесуімен «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында жүргізілуде. Қарасай ауданында аталмыш тренингтер алты ай жалғасады. Оған өзінің қаржыға байланысты сауатын арттырғысы келетін кез келген тұрғын қатыса алады.