Көгілдір көктемнің алғашқы күніндегі Алғыс айту мерекесін Қарасай ауданының жұртшылығы биыл да жоғары көңіл күйде атап өтті, деп хабарлайды naqty.kz.
1 наурыз қысылтаяң шақта бар ауыртпашылықты бірге көтеріп, мемлекет басшысының жетекшілігімен Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен ел азаматтарының бір-біріне құрмет көрсететін Алғыс айту күні. Осы ретте бүгінгі мереке қарсаңында аудандық Мәдениет үйінде мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Салтанатты жиында алдымен жиналған қауым аталмыш мейрамның мән-мағынасын, сонау қайғылы оқиғаларды, жаппай жер аудару туралы айтылған, сондай-ақ, ауданымызда тұратын барлық этнос өкілдері өздеріне көрсетілген қонақжайлық пен жанашырлық үшін алғыстарын білдірген бейнероликті тамашалады. Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Рүстам Атшабаров қарасайлықтарлы бірлік пен татулықты насихаттайтын айтулы мерекелерімен құттықтап, мұқтаж адамдарға көмек көрсеткен кәсіпкерлер мен еріктілерге, білім және денсаулық саласына үлестерін қосып келе жатқан қарасайлықтарды аудан әкімінің атынан Алғыс хаттармен марапаттады.
Бұдан кейін жиналған қауым сахна төрінде ауданымыздың өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады. Өнер иелері қазақ, ұйғыр, татар тілдерінде әндер шырқап, ал, аудандық «Қазақстан» хорының, «Грация», «Шаттық» сияқты би топтары әртүрлі ұлттардың билерін билеп, көрермендерге тамаша көңіл-күй сыйлады.
Осылайша осы бір адамдарға жылулық сыйлайтын тамаша мерекені қарасайлықтар жақсы ықыласпен атап өтті.