Бүгін аудан әкімі Жандарбек Далабаев халық алдында кезекті есеп беру кездесуін Елтай ауылдық округінде өткізіп, оған облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов арнайы келіп, қатысты. Аталмыш округта аудандағы кәсіпорындардың басым бөлігі орналасқан. Соның арқасында ауыл халқының көпшілігі мен басқа да округ тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бұл жайт ауылдастар санының күрт өсіп, өз кезегінде әлеуметтік мәселелердің пайда болуына әкелген.
Осыған қатысты аудан әкімі жұртты мазалап жүрген көптеген сұрақтарға жауап беріп, өз ойын білдірді. Нақтырақ айтсақ, Жармұхамет ауылында 120 орындықты мектепте бала санының артуы, үшауысымдықта тудырып отыр. Аталған мәселеге байланысты Жандарбек Ермекұлы ол жерге 600 орындықты жаңа ғимараттың жобалау сметалық құжаттамасы дайындалып жатқандығын айтты. Келесі кезекте Көкөзек ауылына мектеп, стадион және дәрігерлік амбулаторияның қажеттіліктері де сөз етілген еді. Бұған қатысты ауыл тұрғыны Сабырхан Құралбаев ауылдастарымен бірге 4,7 га жекеменшік жердің дайын екенін айтып, осыған айтылған нысандарды мемлекет тарапынан тұрғызып беруді өтінді.
Сондай-ақ, Елтай ауылын да мектептің жоқтығы, Қаратөбе ауылына табиғи газдың қажеттілігі сияқты бірқатар мәселелер ортаға салынды. Аудан басшысы оны тиісті бөлім басшыларына тапсырма ретінде жүктеді.
Жиын соңында, Жандарбек Ермекұлы айтылған сұрақтар оңды шешімін табу үшін округ тұрғындарымен осы жылдың наурыз айының он бесінен кейін тағы бір кездесу болатынын мәлімдеді.