Ева Жигалинаның есімі әлеуметтік желіде кеңінен таралған. Орыс халқының этникалық тобына жататын «казак» қызының аттың құлағында ойнауы кімді болсын таңғалдыратыны анық. Қаскелеңдік Ева бүгінде көкпарға қатысып, асау жылқыларды үйретумен айналысады. Осындай қабілетінің арқасында белгілі режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» фильміне түсіп, амазонкалардың рөлін сомдаған, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымның тілшісі.
Ева Михаилқызының жылқыға деген құмарлығы аталарынан дарыған. Өз атасы Василий Жигалин мен нағашы атасы Петр Карнаухов – арғымақ өсірумен айналысқан жандар. Казак қызы Ева – Алматының тумасы. Бес жасында отбасымен бірге Алматы облысы, Қаскелең қаласына көшіп келген. Әкесі Михаил талай жылдан бері «Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» Ақсай филиалында орманшы болып жұмыс істейді. Анасы Зоя – 9 құрсақ көтерген үй шаруасындағы адам.
– Алғаш атқа отырғанда жасым 10-да болды. Басында анам жылқыға әуестенуге қарсы болды, бірақ менің аттың үстінде емін-еркін қозғалатынымды көргенде бірден көңілі орнына түсті. Ал 15 жасымда көкпарға қатыса бастадым. Алдымен жігіттердің арасында болған жарыстарды бақылап, қарап жүрдім. Кейін өзімнің де осы тұлпарлардың тайталасына қатысқым келді. Бұл ретте жастарды осындай қазақтың ұлттық спортына баулыған марқұм Батыр Аманұлына үлкен ризашылығымды білдіргім келеді, – деп Ева Жигалина балалық шағынан сыр шертіп, өткенді есіне алды.
Сайгүлікті серік еткен Ева қазақтың ұлттық ойынына қатысқанда осы аталған көкпаршылармен иық тірестіріп, беріспей, тең дәрежеде қарсыласқа сай қабілетін танытқан. Бәйге алаңына шыққанда шаштарын жинап, көзілдірік тағып, өзгелерден дара көрінбейін деп назарды аудартпауға тырысатын.
Ева Жигалинаның көкпарға қатысуына қарсылық танытқандар да болыпты. Бұл оқиға әлеуметтік желіде тарады. Одан кейін қыздардың көбі Еваны қолдап, жақсы пікірлерін қалдырып, тіпті, көкпар ойынына қызығушылығын білдіріпті. Еваның әркез жанынан табылатын ең жақын қолдаушылардың бірі – оның өмірлік жары Тельман Мусаев. Ол да жылқы десе ішкен асын жерге қоятын атбегілердің бірі десек болады.
Қазақтың келіні Ева қазіргі таңда «Самсон» деп аталатын астындағы пырағымен көкпарларға қатысуда.
– Көбісі дәл осы тұлпарымды сатшы дейді. Бірақ достар ешқашан сатылмайды. Сенесіз бе, аттың үстінде отырғанда өзімді қыран құстай сезінемін, ал көкпар ойнағанда суда жүзген балықтай болам. Бұрын-соңды болмаған толқуды сезінемін, ерекше күйге бөленемін. Бұл сезімдердің барлығы менің өмірімді бақытты, жарқын етеді», – дейді Ева аттарға деген адалдығын айтып.